Алматыда жоғары қабаттағы пәтерлердің бағасы түсіп кеткен
Алматыда жоғары қабаттағы пәтер құны 10% түскен. Дегенмен жалға алу құны біршама өскен. Ал Қазақстан бойынша бес айдың қорытындысына сәйкес жаңа үйлердегі пәтерлердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда небәрі 2,2% өскен. Қайталама нарықтағы үйлер 2% арзандады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Алматы тұрғыны Жанат Ермекова орталықтағы пәтерін сата алмай жүргеніне жарты жылға жуықтапты. Ол 9-қабаттағы баспанасын өткізіп, ауласы кең үй алмақ. Бірақ жоспарының жуық арада жүзге асатынына өзі де күмәнмен қарайды. Өйткені бір бөлмелі пәтерге қызығушылық танытқандар тым аз дейді. Ол пәтерін 55 миллион теңгеге бағалап отыр екен. Әзірге ешкім сұрамапты, себебін жер сілкінісіне байланыстырады.
Ал алматылықтардың пікірі екітүрлі. Зілзаладан зәре-құты қашқандар жер үйді дұрыс деп санаса, зәулім ғимараттарды құп көретіндер әлі де ойларын өзгерте қоймапты. Сарапшылар кейінгі уақытта жер үйлердің сатылымы артқанын жасырмады. Бірақ алдағы уақытта жоғары қабаттағы пәтер құнының қайта тұрақталатынын айтады.
"Бағаның төмендеуі – уақытша құбылыс. Белгілі бір уақыттан кейін ол ұмытылады. Жер сілкінісі 2011-2007 жылдары да болған. Алматы сейсмикалық жерде орналасқандықтан, бола береді. Бірақ белгілі бір уақытта ғана халық қорқады да, уақыт өте келе бір қалыпқа келеді", – дейді тұрғын үй саласындағы маман Мақсат Қадырханов.
Бүгінде пәтерді сатып алу ғана емес, жалға алу бағасы да өзгерген. Krisha.kz агенттігінің келтірген статистикасына сүйенсек, биыл пәтер жалдау құны үш пайызға өскен. Мамандардың айтуынша жалға алуға сұраныс түспепті.
Energyprom.kz сайтының деректеріне сүйенсек, елде 2024 жылдың алғашқы бес айында жаңа үйлер айтарлықтай қымбаттамаған. Өткен жылмен салыстырғанда жаңадан салынған үйлердегі пәтер құны небәрі 2,2%-ға өсіпті. Ал қайталама нарықта керісінше, баға 2%-ға түсіп кеткен.
2024 жылдың алғашқы бес айындағы қорытынды бойынша жаңа үйлердегі пәтердің шаршы метрінің бағасы 486,5 мың теңге болса, қайталама нарықтағы үйлердікі 506,8 мың теңге болған екен. Мамандар баспана бағасы елдегі құрылыс материалдары құнының өзгеруіне сәйкес келеді дейді. Себебі 2021 және 2022 жылдары Қазақстанда құрылыс материалдары қымбаттағандықтан, баспана бағасы да шарықтап кеткен.
Жалпы еліміздегі пәтер бағасы өзге елдермен салыстырғандай айтарлықтай төмен. Мәселен, Numbeo рейтингіне сәйкес Қазақстан пәтердің арзандығы бойынша 95 елдің ішінде 22-орында тұр екен. Ал ТМД елдері арасында Әзірбайжандағы баспана бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 18%-ға, Ресейде 1,5 есеге, Арменияда 2,3 есеге көп.