Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы ең қымбат үйлер: Ауқатты қазақстандықтардың жайы қандай

Алматыда ең қымбат элиталы коттедждің бағасы 2,5 миллиард теңгеден асады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл үйлердің бағасы айтарлықтай арзан. Stan.kz ауқатты алматылықтардың үй-жайын назарларыңызға ұсынады.

7-орын  

Ең қымбат үйлердің тізімінің соңында “Эдельвейс” ықшамауданында орналасқан 8 бөлмелі коттедж тұр. Хабарландыруға сенсек, үйдің жалпы ауданы 738,5 шаршы метрді құраса, жер телімі 10 сотықтан асады. 

Толықтай жиһазбен жабдықталған зәулім үй 1 065 000 000 теңгеге сатылымға қойылған. 

6-орын 

6 бөлмелі вилла Оспанова және Достық көшелерінің қиылысында орналасыпты. Алатаудың бөктерінен орын тепкен үйдің аумағы – 600 шаршы метр. Хабарландыру беруші зәулім үйдің аумағында сигнализация, бейнебақылау камералары, видеодомофон мен тәулік бойы жұмыс істейтін күзет қызметі бар екенін айтады. 

18 сотық жер телімі бар вилла үшін үй иелері 1 100 000 000 теңге сұрап отыр. 

5-орын 

Топ-5 қымбат үйдің тізімін 50 сотық жер телімі бар зәулім үй бастап тұр. 2008 жылы тұрғызылған коттедж Таулы Қырат ықшамауданында орналасқан. 8 бөлмесі, жеке саунасы мен моншасы бөлек, үлкен бағы мен бассейні бар вилланың бағасы  1 366 000 000 теңгеге жетеді. 

4-орын 

“Юбилейный” шағынауданында орналасқан 10 бөлмелі вилла ең қымбат үштікке ене алмады. Мүлік иесінің мәліметінше, үй аумағында жекеменшік футбол алаңы да бар көрінеді. Жалпы ауданы 1600 шаршы метрге жететін үйдің бағасы 1 555 000 000 теңгені құрайды. 

3-орын 

2001 жылы бой көтерген 7 бөлмелі үй рейтингте 3-орынға табан тіреген. Коттедждің жалпы ауданы 909 шаршы метрді құрайды. Бағбандыққа қызығушылығы бар адамдар үшін зәулім үй аумағында жылыжай да қарастырылған. Бір айта кетерлігі, бұл вилланың жер телімі тізіміміздегі үйлердің арасындағы ең ауқымдысы – 120 сотыққа жетеді. 

Кең сарайдай үйдің бағасы – 1 700 000 000 теңге. 

2-орын 

Рейтингтегі 2-орынға табан тіреген үйдің бағасы– 1 703 999 999 теңге болуы. 

Заманауи нақышта жабдықталған коттедж тұтас жиһазбен жабдықталған. Бұған қоса, жекежайдан не керек бәрін табуға болады: бассейн, сауна, спорт зал мен қызметкерлерген арналған бөлек үй тағысы тағы бар. Зәулім үй 6 бөлмелі және 2012 жылы салынған. 

1-орын 

Ең қымбат үйлердің көш басында 8 бөлмелі, “Юбилейный” шағынауданында орналасқан вилла тұр. 2018 жылы салынған коттедждің жалпы ауданы 920 шаршы метрді құрайды. 

Үй иесі жиһаздардың арнайы Италиядан тапсырыспен алынғанын жазады. 

Ерекше стильдегі зәулім үйдің бағасы – 2 502 500 000 теңгеге жетеді. 

 

Талқылау