Алматыдағы даулы матчтан соң "Астана" мен "Атырау" футбол клубының ойыншылары төбелес шығарды (видео)
Алматыда өткен даулы ойыннан кейін “Астана” және “Атырау” клубының футболшылары төбелес шығарды. Ойыншылардың ерегескен сәті көрсетілген видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шиеленіске толы матчтан кейін екі клубтың ойыншылары ерегісіп қалды. Ойын 3:2 есебімен аяқталып, “Астана” футбол клубы жеңіске жетті. Ал шешуші гол 101-минутта пенальтиден соғылды.
Желіде тараған видеодан “Астана” клубының бапкері Григорий Бабаян “Атырау” футболшысының бетінен шапалақпен ұрып жіберді. Мұны көрген “Атырау” клубының ойыншылары жолдасына араша түсті. Осылайга өзара жанжал төбелеске ұласты.
Екі тарап арасындағы ерегісті күзетшілер тоқтатып, ойыншыларға араша түсті.
Болған жағдайға қатысты “Атырау” клубының ойыншысы пікір білдірді.
“Астана” футбол клубының бапкері мені еш себепсіз ұрған соң осыған қатысты Қазақстан футбол федерациясының іс-әрекетін көргім келеді. Біз бокста емеспіз, футбол ойнаймыз. “Астана” футбол клубының бапкері қарсылас клубтың ойыншысын еш себепсіз ұрғанына сене алмай тұрмын. Мұндай әрекет осындай керемет елдің имиджін түсіреді. Осындай деңгейде ойын көрсеткендіктен адамда мінез болуы керек және көпшілік алдында өз эмоцияларын басқара білу керек. Мен 10 есе қылып есе қайтара алар едім. Бірақ уайымдамаңдар, келесі кездескенше. Бәрібір өзіңе қайтып келеді”, – деп желідегі парақшасында жазба қалдырды Каямба.