Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы автобус апаты: Қоғамдық көліктерге SOS батырмасы орнатылады

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Алматыдағы автобус жүргізушісімен болған қайғылы жағдайдан кейін қоғамдық көліктерге қатысты қандай шара қабылданып жатқанын мәлімдеді.

Комитет төрағасының сөзінше, қоғамдық көліктерді бақылау біраз уақыттан бері назардан тыс қалған. Қайсар Сұлтанбаев Алматыда болған жантүршігерлік оқиғаға тоқталды. 

“Алматыдағы автобус жүргізушісімен болған жол апатынан 3 адам қаза тапты. Біз жедел түрде азаматтарды тасымалдайтын транспорттық компаниялардың басшыларымен кездестік. Кездесу барысында қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесін талқыладық, оның ішінде жүргізушінің де қауіпсіздігін қарастырдық. Бұл мәселені талқылағанда қоғамдық көліктерде бейнебақылау камераларының және көмекке шақыру батырмаларының болмауы мәселесі пайда болды. Оларды автобустарда орнату жұмысы жергілікті атқарушы органдар мен транспорт компанияларының иелерінің құзыретінде. Негізі бұл жабдықтарды осы аталған органдар қоюы керек”, - деді комитет төрағасы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикер транспорттық компания иелерімен кездесу барысында автобустарға камералар мен SOS батырмаларын орнату бойынша келісімдер жүргізілгенін атап өтті.

“Былтыр көмек сұрап жазған 250 мың хабарлама келді. Бүгінде қоғамдық орындарда 38 SOS батырмасын орнаттық. Ол бойынша да тұрғындар көмекке жүгініп жатыр. Оған қоса 102 мобильді қосымшасы да жұмыс істейді”, - деді ІІМ өкілі.  

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, үш адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Ал, қайтыс болғандардың жақындары автобус паркінен өтемақы талап етіп жатыр. Соққыға жығылған жүргізуші әйелдің сұхбаты әлеуметтік желіде тарады. Сұхбатта жүргізуші өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
 

Талқылау