Алматыда жұқпалы аурулар орталығының басшылары жемқорлық бойынша қамауға алынды
Алматы қаласында дерматология ғылыми орталығының басшысы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлық бойынша күдіктеліп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының басшысы мен оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Олар медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқаны үшін халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының басшысынан 5 миллион теңге сомасында пара алу бойынша күдікке ілінді.
Соттың санкциясымен Орталықтың басшысы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне (Кiнәсiздiк презумпциясы) сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстанның бас экологы 10 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұсталғаны туралы жазған едік.