Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жемқорлық пен суицидтің белең алуы, ертеңіне сенімсіздік: Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты

1928-1932 жылдардағы ашаршылық қазақ халқына орны толмас зардаптар әкелді. Ресми деректер бойынша 2,4 миллион адам аштықтан көз жұмды, 40 миллион мал қырылды және 1 миллион 70 мың адам Иран, Ауғанстан, және т.б. жерге көшіп кетті. Адам шығыны мен мал шығынынан бөлек бұл зұлматтың психологиялық зардаптары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Сарапшылар елдегі жемқорлық пен суицид деңгейінің жоғары болуы, билікке деген сенімсіздікті де осы ашаршылықтан қалған травма деп түсіндірді. Психоаналитик Stan.kz тілшісіне 90 жыл бұрын болған зұлмат қазіргі ұрпаққа қалай әсер етіп жатқанын айтып берді.

Психоанализ қауымдастығының мүшесі Мейіргүл Бимағамбетова тарих пен ұлттың өткені халықтың мінез-құлқын қалыптастыратынын атап өтті. Әсіресе, қайғылы оқиғалар трансгенерациялық жан жарақаты ретінде беріліп отырады. Трансгенерациялық травма дегеніміз – айтылмаған тарих, беті ашылмаған шындықтың келесі ұрпаққа өтіп, қайталануы, ата-ананың тағдыры балада жалғасуы. 

“Ашаршылық әлі күнге дейін тарихымызда ашық айтылмай жатыр. Тарих бұрмаланды, Қайта құру кезіндегі ұрпақ, 1990-2000 жылдары туғандар мектепте нақты тарихты оқыған жоқ. 25-30 жастағылар әлі күнге дейін Алаш қайраткерлері, тың игеру сынды оқиғаларды толық білмейді, бастан кешкен жағдайлар, қасірет туралы оқып, сезіне алмады. Яғни ашаршылық – ұлтымыздың басы ашылмаған жарасы”, – деді психоаналитик.

Айтуынша, трансгенерациялық жарақат жылау, қайғыру немесе репарация арқылы емделуі керек. Әйтпесе бейсанамызды улайды, жеткілікті түрде дамуымызды тежейді. 

Репарация дегеніміз – келтірілген зардап үшін өтемақы. Мысалы жаулап алынған елдің мемлекеттік құқығын қайтару, кешірім сұрау, сол үшін өтемақы беру және т.б.

Яғни ұлт немесе адам белгілі бір қайғының, травманың бар екенін мойындап, сезімдерін сыртқа шығармаса, ол бейсанада қалып қояды.

“Репарация болмағанша, оқиға қайталана береді. Себебі мида “мазохизм” пайда болады. Сол үшін ұрпағымыз ашаршылықты сезінбесе де, аштыққа тап болмаса да, өзін аш қалған адам сынды ұстауы мүмкін”, – деді Мейіргүл Бимағамбетова.

“Өзімізді ұлт ретінде танымағасын адасып жүрміз”

Психоаналитиктің сөзінше, тарих бұлыңғыр болғандықтан, әлі ұлт ретінде өзімізді толық тани алмадық. Сол үшін де қазақтарда еліктеушілік басым дейді. Біреуге еліктегендіктен, өз орнын нақты таба алмайды, артынша күйзеліске түседі деп түсіндірді. 

Маман еліміздегі суицид деңгейінің жоғары екенін алға тартып, қоғамның жиі күйзеліске түсуін ашаршылықтың зардабы деп атады.

Қазақстан суицид бойынша алғашқы 20 елдің қатарында. Ал жасөспірімдер арасында өзіне қол салу бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр, ал ТМД арасында 3-орында екен.

“Ұлт ретінде өзімізді толық танымағасын адасып жүрген халық болдық деуге болады. Іште қалып қойған ашу-ыза, мұң мен қайғы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бұл жараны емдемегесін, оның не себепті пайда болғанын түсінбегесін, адамдар күйзеліске жиі түседі, тіпті елдегі суицид деңгейінің бірден-бір себебі осы деп санаймын”, – деді психолог.

Психоаналитик Мейіргүл Бимағамбетова. Фото жеке архивінен

Аштық халықтың мінезі мен өмір салтына қалай әсер етті?

Психоанализ маманы қазақ халқында кездесетін қорқақтық пен шорқақтық, жасқаншақтықты, ашкөздік пен қомағайлықты ашаршылықтың психологиялық зардабы деп атады.

“Халықты тамақпен жазалап, қолдан аштық жасағандықтан, адамдар ауыр регрессияға түсті. Базалық физикалық қажеті өтелмегесін, қоғамның психологиялық деңгейі төмендеді. Аш адам жыртқыш психикасын сезініп, тұлғадан жыртқыш деңгейіне регрессияланды. Тамақ үшін бауырлар қас болды, бірін-бірі сатты, атасы баласын жеуге тура келді. Сол үшін базалық сенім жоғалды. Сол үшін қазіргі ұрпақ жақынына, билікке, ұлтқа, тіпті өзіне сенімсіз”, – деді ол.

Маманның айтуынша, 90 жыл бұрын аш қалған халықтың әлі күнге дейін “аш қаламын” деген қорқынышы бар. 

“Іштей жасқаншақтық пен қорқақтық болды. Ал қорқақ адам қорқақты тәрбиелейді. Бауырмалдыққа емес, “ешкімге сенбе, алдап кетеді” деп өсірді. Ол айналасы мен ертеңіне сенімсіз болғасын, өзін материалдық жағынан қамтамасыз етсем деп тұрады. Рухани байлықтан гөрі бірінші мансап қууға, дүние жинауға көп көңіл бөледі. Кезінде аш қалған адамның ұрпағы қомағай келеді. Сол үшін де парақорлық, жемқорлық кеңінен етек жайған”, – деді Мейіргүл Бимағамбетова.

Психоаналитик карантин кезінде дүрбелең тудырған халықтың әрекетін де ашаршылықтың салдары деп түсіндірді. Тұрғындар аш қалудан қорқып, мейлінше үйін тамақпен толтыруға тырысқанын айтты. 

Одан бөлек шектен тыс “ұят” феномені де осы травмадан пайда болды дейді. Ашаршылық, “геноцид” тақырыптары тарихта жасырын қалғандықтан, қоғамда “мәселені ашық айту ұят” деген түсінік қалыптасты

“Мұны “құйтыртқы ұят” деп айтуға болатын шығар. Мысалы бір үйде қайғылы немесе жағымсыз жағдай болса, оны жасыратын әдетіміз бар. Көп тақырыптар “табу” саналады. Мысалы бір отбасыда әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, біреудің баласы суицидтен қаза тапса, лудоманға айналса немесе қыз тұрмыстан қайтып келсе, зорланса, оны барынша жасыруға тырысады. Бірақ ол іште жинала берсе, жарылады немесе көміліп, күйзеліске айналады”, – деп түсіндірді психоаналитик. 

“Ашаршылықтың зардабы үшін ешкім кешірім сұрамады”

Психоаналитиктің пайымы бойынша, ұлт травмасын емдеу жолы – қайғы-қасіретке ат беріп, оны мойындау. Яғни ашаршылықты ресми түрде геноцид деп тану, репарациялау.

“Келесі ұрпағымызда бұл жағымсыз қылықтар көрінбесін десек, аштықтың зардабы жалғаспасын десек, бұл жағдай ашық мойындалуға тиіс. Өйткені әлі күнге дейін бұл зұлматтың салдары үшін қазақтардан ешкім кешірім сұрамады. Ашаршылыққа айрықша статус берілген жоқ. Осыны көтерсек, ұлт психологиясын сауықтыруға болады”, – деді ол.

Маман басқа ұлттар трансгенерациялық травманы қалай емдегенін көрсетті.

“Еврейлерге жасалған геноцид халықаралық түрде мойындалып, тарих бетінде өз орнын алды. Халық қайғыру, жылау, өкіну, ашулану процесін бастан өткерді. Ән-жырларында мұңын шақты, осы тақырыпта фильмдер мен бағдарламалар түсірілді. Қойылымдар дайындап, түрлі туындылар шығарып, халық өз жарасын емдеді.

Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де зардап шеккен елдерге репарация жасалып, Германия кінәсін мойындады, кешірім сұрады. Англия өзі отарлаған елдеріне тәуелсіздік жариялаған кезде оларға өтемақы төледі. Ал біздің жағдайда Ресей тарихи оқиғалар үшін кінәні мойнына алған жоқ. Оған қоса Қазақстан мен Ресей арасында теңдік әлі сақталмағасын архивтер ашылмай жатыр”, – деді маман.

Десе де психоаналитик бұл үшін түңілмеген жөн деді. Бұл трагедияны мойындауды күтпей-ақ, әр адам жеке жұмыс істеп, әркім өз тағдырын қолға алуына болады. Сөзінше, әркім өз әулетіндегі трансгенерациялық травманы зерттеп, өз тағдыры мен өз ұрпағы үшін жұмыс істегені абзал.

Талқылау