Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қуыршақ секілді тістеп ары-бері сүйреді": Алматы облысында 10 жасар баланы иттер талап, сан еті мен құлағын жұлып алған

ит талаған 10 жасар балаФото: Екатерина Бурмистрованың жеке архивінен

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 30 мамырда жантүршігерлік жағдай болды. Ойнап жүрген 10 жасар баланы екі қабаған ит жұлмалап, ауыр жарақаттады. Құтқарушылар жеткенше бала сан етінен айырылып, бір құлағы жұлынып кеткен. Қасындағы балалардың жанұшыра айғайынан кейін көмекке келген 65 жастағы такси жүргізушісі қолына бәкі алып, иттерге қарсы шабуылдап, оның өмірін аман алып қалды. Иттердің оңалту орталығына тиесілі екені айтылды. Зардап шеккен баланың анасы Stan.kz тілшісіне жағдайдың қалай болғанын және сотқа жүгінуге бекініп отырғанын айтып берді.

"Бәкімді қолыма ұстап, бірден жүгіріп кеттім"

Зейнеткер Серікбек Сақайбековтің айтуынша, күн жылы кезде такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Сол күні көлігіне әйел адам мініп, "Аға, үйге дейін жеткізіп салыңызшы" деп өтінген. Олар стадионның қасынан өте бергенде, кенет топырлаған балалардың жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.

"Сол сәтте қолымда ештеңе болған жоқ, не таяқ не темір де жоқ. Жан-жағыма қарасам, көлігімнің есігінің қалтасында бәкі жатыр екен. Балыққа барғанда алып жүретін едім. Бәкімді қолыма ұстап, бірден жүгіріп кеттім. Жүгіріп барсам, баланы иттер ұмасынан алып сілкіп, жұлмалап жатқандай көрінді. Жақын барып қалғанда ол тұсынан емес, питбуль тұқымдас ит санынан тістеп жатыр екен. Сосын сол итті бірінші ұрдым. Бір сәтте баланың бір құлағының жартысы жоқ. Қанға қақалып жатыр. Басы, беті таланған. Бірақ көзі ғана көрініп тұрды. Анасының айтуынша, бір көзі көрмейді, жағын айырып жіберген. Содан әлгі бала "помогите, дядя" деп қанжоса болып айғайлады", – деп Серікбек Сақайбеков жағдайдың қалай болғанын айтты.

Ер адамның айтуынша, ал екінші овчарка тұқымдас ит баланың иығынан тістеп, сүйреп, ұстатпай қойған.

"Қуыршақ секілді тістеп ары-бері сүйреді. Ол итті қуалап ары жүгірем, бері жүгірем. Сөйтіп баланың үстіне секіргендей болып, екінші итті ұрып өлтірдім. Енді сол екі қабаған иттің иелері олардың қымбат екенін айтып, маған төлейсің деп жатыр. Қазір енді сол үшін мына жерде жиналыс болып, тұрғындар "саған төлеттірмейміз" деп жатыр. Сонда мен не істеуім керек еді? Кішкентай баланың қан жоса болып, шырылдап жатқанына қарап тұруым керек пе еді? Басын шайнап тастағанша үнсіз қарап тұрам ба?!” – деп күйінеді Серікбек Сақайбеков.

баланы құтқарып қалған СерікбекФото: Серікбек Сақайбековтің жеке архивінен

"Бір құлағы жоқ, сан етін иттер жұлып алған"

Ал баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, он жастағы ұлы ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Бала есін жиған, алайда жағдайы өте қиын деп шырылдады анасы.

"Оның бір құлағы жоқ, сан етін иттер жұлып алған. Басы тістеліп, беті жыртылған, қолы мен кеудесі де жарақаттанған. Иттердің иесін жеке танымаймын. Көршілердің айтуларынша, олар есірткі мен ішімдікке тәуелділерге арналған оңалту орталығынан екен. Ол жақта 10-15 ит бар дейді. Нақты санын білмеймін, бірақ көп ит бар. Таңертеңгісін ұлиды, бір-бірімен төбелесіп, таласып жатады. Иттің иелері баланың өзі солардың аумағына жақындады деп өтірік айтып отыр", – деді Екатерина Бурмистрова.

Екатерина бұл істі сот арқылы шешуге бел буған. Қазір барлық медициналық анықтаманы жинап, ары қарай прокуратураға жүгінетінін айтты. Сонымен қатар бала есін жиған соң, болған оқиғаны айтып беріпті.

"Әуелі, анықтамаларды түгел жинап алайық, содан соң прокуратураға барамыз. Әзірге тек емделіп жатырмыз, ешқайда бара алмаймыз. Балам өзі айтты, ойнап жүргенбіз дейді. Бұл жерде кішкене орман сияқты жер бар, дәл қоршаудың жанында, балабақша да жақын, оңалту орталығы да қасымызда. Біздің үй де сол маңда. Бәрі өте жақын орналасқан. Иттер қоршаудан секіріп шыққан кезде, бала жүгіріп қаша алмай да қалған. Басқа балалар жүгіріп қашқан, содан кейін өзі де артынан қарап қалғанда иттер соңынан қуып жеткен. Содан өзі де жүгірген. “Көмектесіңіздер!” деп айғайлап үлгеріпті. Сол сәтте бір ер адам мен әйел келіп көмектескен. Ер адам иттерді ұрып өлтірген екен. Себебі олардың арасында екі овчарка мен бір питбуль болған", – деді зардап шеккен баланың анасы Екатерина Бурмистрова.

итке таланған баланың анасыФото: Екатерина Бурмистрованың жеке архивінен

"Арнайы тексеріс жүргізіледі"

Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Бауыржанұлының айтуынша, иттердің иесіне қатысты тиісті органдар тарапынан шаралар қабылданған.

"Қазір бұл азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар әкімдік тарапынан Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен медициналық мекемелерге арнайы ұсыныс хат жіберілді. Жауапқа тартылған азаматтардың меншігіндегі жердің нысаналық мақсаты "Мәдениет үйі" болып тіркелген. Сондықтан дәл осындай аумақта көптеген ит ұстап, мұндай шаруашылық жүргізудің қаншалықты заңды екені арнайы тексеріледі, – деді әкім.

Әкім зардап шеккен баланың ата-анасымен тұрақты байланыста екенін, баланың қазіргі Қарасай аудандық ауруханасында ем алып жатқанын айтты.

"Жергілікті белсенді азаматтар баланың еміне көмек ретінде қаржы жинау жұмысын бастап кетті. Бұған қоса, Ұмтыл ауылындағы кәсіпкерлер де қолдау білдіріп, материалдық көмек көрсетеміз деп отыр", – деді Ислам Бауыржанұлы.

Бұл ақпаратты Алматы облыстық полиция департаменті растады. Кәмелетке толмаған балаға абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.

Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Нәтижесіне қарай іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Полицияның мәліметінше, иттер оңалту орталығының аумағында болған.

"Сонымен қатар оңалту орталығының жауапты тұлғаларына қатысты да құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылады", – деді облыстық полиция департаменті.

Құқық қорғау органдары жануарлар болуы мүмкін қоршалған аумақтардың маңында жүргенде тұрғындарды сақ болуға шақырады. Ал ата-аналарға балалардың бос уақытын қадағалап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру ұсынылады.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы да баланың жағдайына қатысты түсініктеме берді. 30 маусым күні сағат 17:02-де 2014 жылы туған бала Қарасай аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне түскен.

"Баланы жансақтау бөліміне жатқызды, бірнеше сағаттан кейін травматология бөліміне ауыстырылды. Таңертеңгі жағдайы алған жарақатына байланысты орташа ауыр. Протоколға сәйкес ем қабылдап жатыр", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 12:56
Талқылау