"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
Фото: Threads aru.abdrakhmanova
Желіде астаналық қыз сауда желісінде ер адамның тосыннан жанына келіп, бөксесін ұстағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 22 маусымда елордадағы Technodom сауда желісінде болған. Ару Әбдірахманова есімді қыз жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады.
Көзіме жас алып, әрең шықтым
"Technodom-да эскалатормен төмен түсіп келе жатқан едім. Сол сәтте жоғары көтерілген ер адамның маған қарап тұрғанын байқадым. Бастапқыда мән бермедім. Бірнеше секундтан кейін сол адам соңымнан келіп, бөксемнен ұстады. Оның әп-сәтте қалай жаныма келгенін байқамай қалдым. Арам ойын жүзеге асыру үшін әдейі жүгіріп келген секілді. Ол адамды бірден итеріп жіберіп, айғайладым. Ал ол кездейсоқ болды, байқамай қалдым деп ақталуға тырысты", – деп жазды қыз.
Қыздың сөзінше, ер адам бұл әрекеті үшін еш қымсынбаған. Байқамай қалғанын айтып, жай ғана кешірім сұрапты.
"Ол мені үндемей өте шығады деп ойлады. Өйткені біздің қоғамда мұндай жағдайларды айту "ыңғайсыз" саналады. Бұл ер адамның алғашқы әрекеті емес сияқты. Өйткені ол мұны өте тез, еш тартынусыз, сенімді түрде жасады. Бәрі алдын ала жоспарланғандай көрінді. Ең қорқыныштысы оның жүзінде қымсыну не қорқу болған жоқ. Бұл оның әдеттегі "іс-әрекеті" сияқты. Егер айғайламасам, түк болмағандай кетіп қалар еді. Үнсіз қалмай, өзімді қорғауға тырыстым. Ең қынжылтқаны жанымда тұрған ер адамдар ештеңе істемей, жай қарап тұрды. Неге ондай сәтте көмектеспейсіздер? Неге қыздарды қорғамайсыздар?", – деді қыз.
Осы жағдайдан соң қыз көзіне жас алып, сауда желісінен әрең шыққанын айтты.
"Жыларман күйде дүкеннен шықтым. Сол сәтте әлгі ер адам соңымнан келе жатты. Бірақ кіреберісте оны күзетшілер тоқтатты. Көлігімді Technodom-ның алдына қойған едім, тезірек жетіп, мініп алдым. Сосын әлгі ер адамның сыртқа шыққанын көріп, суретке түсіріп үлгердім", – дейді қыз.
Ер адам айыппұл арқалады
Осыдан кейін қыз полицияға арызданып, ер адам ұсталып, оған айыппұл салынғанын жеткізді.
"Соңында, арыз жаздым. Полиция оны тез тапты, айыппұл салынып, қадағалауға алынған сияқты. Ол арызымды қайтарып алуды өтінді. Бірақ көнбедім. Әрбір әрекеттің жауапкершілігі болуы керек", – деп жазды қыз.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласының полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, ер адам ұсталып, оған айыппұл салынды.
"Іс бойынша ер адамның жеке басы анықталды. Оған әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449-бабының 1-бөлігіне (қоғамдық орындарда тиісу) сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылды. Ер адамға 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Айналамда ер адамдар жай ғана қарап тұрды
Бұл жағдайға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, қыздар тарапы басынан өткізген осыған ұқсас оқиғаларын жазды.
Желі қолданушыларының бірі сауда орталығында болған оқиғаны баяндады.
"Бірнеше жыл бұрын Алматыдағы "Столичный" сауда орталығында әмиянымды ұрлап кетті. Бір қыз келіп айтып үлгерді. Дереу жүгіріп барып, ұрының қолында күртеге оралған әмиянымды көріп қалдым. Күртесін жұлып алып, теуіп, боқтадым. Айналамдағы адамдардан полиция шақыруды сұрадым. Бірақ айналада тұрған ер адамдар мені "боқтап тұр, ұят-ай" деп, қарап тұрды. Күзетшілер мүлде жоқ. Ешкім көмектеспеді. Ақыры әмиянымды жұлып алды. Ал ұры күртесін жұлып алып, тайып тұрды. Ол күртеде менің әмиянымнан басқа да ұрланған заттар болды. Ешқандай көмек көрсетпеді", – дейді желі қолданушыларының бірі.
Енді бірі пойызда келеңсіз жайтқа тап болып, ешкім көмек қолын созбағанын жеткізді.
"Пойызда плацкарттан төменгі жатын орынды алдым. Сосын вагонға бір отбасы (ерлі-зайыпты екі баламен) кірді. Жанымдағы төменгі сөреге 50 жастағы ер адам келіп жатты. Бір кезде аяғымды сипалағанын сездім. Көзімді ашсам, жиіркенішті көзімен қарап отыр екен. Ал әйелі қарсы бетте балаларымен ұйықтап жатыр. Орнымнан жылжып "не істеп жатырсыз?" деп айғайладым. Сосын дәретханаға кеттім. Басында "маған солай көрінген шығар" деп ойладым. Жуынып, есіктен шықсам әлгі еркек мені күтіп тұр. Сол сәтте қатты айғайлап, адамдарды ояттым. Түн мезгілі еді. Сол кезде бірде-бір ер де, әйел де көмектеспеді. Жолсерікті шақырып: "полиция шақырыңыз, арыз жазамын" дедім. Әлгі еркектің әйелі бәрін көре тұра, жай ғана: "саған ештеңе істемеді ғой" деді. Ешкім полиция шақырмады. Тек жолсерік басқа орынға ауыстырды. Дегенмен пойыздан түскенге дейін жаным жай таппады", – дейді қыздардың бірі.
Ал тағы бір қыз көшенің қақ ортасында болған жағдайды баяндады.
"Алматыда Саяхат жақтағы автомектепке бара жатқан едім. Жаяу жүргіншілер өтетін жерде тұрдым. Кенет біреудің бөксемді ұстап тұрғанын сездім. Не болып жатқанын түсінбей, абдырап қалдым. "Мүмкін құрбыларым көріп, қалжыңдап жатқан шығар" деп ойладым. Жалт қарасам бір ер адам тұр. Келіп, жаныма тұрды. Сол сәтте ол террориспін деп, бірдеңелерді айтып, күбірлей бастады. Бір уақытта бағдаршамның жасылы жанып, жүгіріп өтіп, бизнес орталыққа кіріп кеттім. Сол сәтте ештеңе істей алмадым. Өйткені оны ұрып жіберсем, өзіме қарай төне ме, деп қорықтым", – дейді тағы бір қыз.
Тағы бір желі қолданушысы дүкенде болған келеңсіз жайтты айтып берді.
"Дүкенде бір "ер адам" бөксемнен шап беріп ұстап алды. Ол ақыл-есі дұрыс емес біреу еді. Өзін бала сияқты ұстайды. Сол жерде айғайлап, боқтап, судың құтысымен ұрдым. Бір қызығы дүкенде тұрған сатушы мені сабырға шақырып: "оның есі дұрыс емес, түсіністікпен қараңыз" деп айтты. Оларға "ертең мен емес, қызыңыз немесе немереңізге тиіссе, үндемей тұрасыз ба" деп айттым", – деді қыздардың бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қоғамдық көлікте ер адам қызға қарап, өзін-өзі қанағаттандырғаны туралы жазған едік.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
