Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тоқал туралы жарнама жасаған "Grand Park" сауда орталығы жауапкершілікке тартылды

Алматыдағы Grand Park ойын-сауық орталығындағы "Тоқалыңа шамадан ал" деген жарнамалық ролик мегаполис тұрғындарының ашуын тудырды. Ойын-сауық орталығы оғаш видеоролик үшін жазаланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

тоқал

Фото: видеодан скриншот

Маркетингтік әдістің сәтсіз болғанын мойындаса керек, Grand Park сауда үйінің Instagram-дағы парақшасында жарнамалық ролик өшірілді.

Сауда орталығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу" бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова жарнаманың жойылғанын айтты.

"Тоқалдықты насихаттайтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетін жарнамаға жол берілмейді және оны тоқтату керек. Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері қала әкімшілігіне осы жарнамаға байланысты сауал жолдадық. Ұлттық комиссияның Алматы қаласы бойынша бөлімшесімен бірлесіп жұмыс жүргізілді, жарнама жойылды. "Гранд Парк" сауда үйінің әкімшілігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің  505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деп хабарлады Назым Жанғазинова Facebook-тегі парақшасында.

Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қылмыстық кодекстің 505-бабы қаланы абаттандыру қағидаларын бұзғаны, инфрақұрылым объектілерін қиратқаны, жасыл желектерді жойғаны және бүлдіргені үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін (73 840-тан 369 200 теңгеге дейін) айыппұл салу жазасын көздейді. 

Бұған дейін алматылықтар тоқал туралы жарнамамен әйелдерді қорлағаны үшін сауда орталығына айыппұл салуды сұрап, наразылық білдірген еді.

Талқылау