Алматыда "Мерейлі отбасы" байқауында жеңіске жеткен әулетке 800 мың теңге берілді
Алматыда "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпазы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда "Мерейлі отбасы" қалалық байқауы аяқталды. 826 жыл теміржол саласында еңбек еткен Қапышевтер әулеті байқаудың жеңімпазы атанды.
Жарыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, қазақстандық отбасының оң имиджін қалыптастыру. Биыл байқауға қатысуға 235 отбасы өтінім берді. Аудандық және қалалық кезеңдерден кейін Қапышевтер әулеті үздік шықты. Байқау жеңімпаздарына 800 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
"Біз жеңісті күткен жоқпыз, бірақ ерекше қуандық. Бәсекелестік үлкен болды. Енді Астанада өз қаламыздың және теміржолшылар отбасымыздың намысын қорғау үшін мұқият дайындаламыз. Теміржолға деген сүйіспеншілік біздің қанымызда. Осының арқасында біз жеңіске жеттік. Біз өз мамандығымызды шын жүректен жақсы көреміз", - деп өз ойымен бөлісті үлкен әулеттің әрі отбасының басшысы Мұрат Қапышев.
Отбасында үш ұрпақтан 26 адам саналы ғұмырын теміржолға сарп еткен. Мұраттың әкесі 1932 жылы осы салаға келген, қазір үрім-бұтағы атасының жолын жалғастырып келеді.
Республикалық байқаудың ақтық кезеңі қыркүйек айында Отбасы күнін мерекелеу аясында өтеді.