Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда орналасқан украиналық есірткі лабороториялары екі аптада 100 келіге дейін өнім шығарып келген

Алматы маңында орналасқан украиналық есірткі лабороториялары екі апта сайын 100 келіге дейін есірткі өндіруге мүмкіндік беріп келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

нарколаборотория

"Өткен жылдың соңында ІІМ ЕҚҚІД және Алматы облысы полиция департаментінің есірткімен күресуші полицейлері синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған шетел азаматтарын ұстады. Сол кезде алғашқы тәуліктің өзінде Алматы қаласына жақын елді мекендерде екі жасырын өндірістің орналасқан жері анықталған болатын. Сотқа дейінгі тергеу барысында Алматы тұрғынына тиесілі үй анықталды, онда қылмыскерлер есірткі синтезін жолға қоюды жоспарлаған", - делінген полиция таратқан ақпаратта.

Ақпаратқа сүйенсек, үй өндіріске толығымен дайындалған: қабырғалар мен еден плиткамен төселген, мәжбүрлі желдету орнатылған, периметр бойынша кептіруге арналған сөрелер ілінген, бөлмелердің бірі фольга материалымен қапталған. Есірткі өндірілетін прекурсорларды – химиялық заттарды сақтауға арналған мұздатқыш камералар жабдықталған. Бір циклде 50 келіге дейін өлімге әкелетін зат өндіретін химиялық реактор жасап орнатылған.



"Қылмыскерлер Алматы қаласының жеке секторында прекурсорлар қоймасына ыңғайлап жабдықтаған гаражды анықтады. Сол жерде полицейлер есірткі зертханасына тасымалдауға дайындап қойған жалпы көлемі 700 литр болатын химикат құйылған 22 ірі ыдысты тәркіледі", - деп қосты полиция.

Ведомствода түсіндіргендей, ұйымдастырылған өндіріс ауқымы екі апта сайын 100 келіге дейін есірткі өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.

"Аталған факті бойынша полицейлер жұмыс істеп тұрған екі зертхананы және өндіріске толық дайын бір зертхананы, прекурсорлар бар қойманы жойды. 84 келі синтетика және екі тоннадай прекурсор алынды", - дейді полиция.

Ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 262-бабы “Ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу” және 297-бабы “Қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде есірткі өткізу” бойынша қылмыстық істер қозғалды. Олардың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Барлық күдіктілер қамауда.

Талқылау