Алматыда өгей баласын өлтірді деп айыпталған 19 жастағы жігіт сотқа тартылды
Алматыда өгей ұлын ұрып өлтірді деп айыпталған ер адам сотқа тартылған. 20 жасқа енді толған күдікті өзі кінәсін мойындап отырған жоқ. Айтуынша, төрт жасар бүлдіршін баспалдақтан өзі құлап, ауыр жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
2023 жылдың қыркүйек айында төрт жасар бүлдіршін "Алма сити" тұрғын үй кешенінде көз жұмды. Бала, анасы мен оның студент көңілдесі сол жерде тұрыпты. Келіншек 19 жастағы жігітке ұлын тапсырып жұмысқа кеткен. Сол сәтте жігіт мазасызданған Хантөренің қылығын көтере алмай, оны өлімше етіп сабаған көрінеді.
“Күнделікті қабылдау болды, сосын бас киімін, киімін шеше бастадым. Сол кезде баланың беті жараланғанын көрдім. "Сен кеше не жедің, құсып жатырсың ғой, саған не болды?" деген кезде, "әке ұрды" деді. Бар айтқан сөзі – сол. Бетіне үңіліп, жақсылап қараған кезде саусақтың ізі екенін білдік”, – деді балабақша тәрбиешісі Құралай Әбілдаева.
Анасы дереу ауруханаға алып кетіп, тәрбиешілерге астан уланды деп, оқиғаны жылы жаппақ болған.
"Құсқан себебі не?" деп сұрадым, мамасы "KFC жеді" деді. "Басын түсірдіңіздер ме, миы шайқалмаған ба?" деп сұрадым, "жоқ" деді. Хантөрені әкелгенде бір жақ қабағында жара болды, анасынан сұрағанымда “құлап қалды” деп жауап берді”, – деді балабақша меңгерушісі Әйгерім Уәлиханова.
Самал өзінен алты жас кіші жігітпен энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысыпты. Келіншек сол жерде жұмыс істесе, ауыр қылмысқа барды деп айыпталып жатқан Дархан Дәулетов аталмыш оқу орнында оқыған. Бүгінгі сотта ол баланы "қасақана ұрмадым" деп ақталумен болды.
“Бір рет жамбас тұсынан, құйрығынан алақанмен ұрғаным бар, оны растаймын және сол уақытта қолды-аяққа тұрмай, бой бермей, подъезде ары-бері жүгіріп, балабақшаға бармай, қарсылығын білдірді. Сол кезде мен есікті құлыптап жатқанда ол абайсызда баспалдақтан құлап кеткен. Құрметті сот, өлтіру мүлде ойымда болған емес, болмады, қатты күш көрсеткен емеспін”, – деді айыпталушы Дархан Дәулетов.
Дегенмен тергеу келтірген дәлел мүлдем басқа. Айыпталушы балаға оннан аса соққы жасаған.
“Жазадан құтылып кете алмайсың, мен ақырына дейін барамын. Сен менің баламды өлтіріп отырсың ғой, мен сені өмір-бақи бас бостандығынан айыру үшін аяғына дейін баратынымды айтып кетемін. Бұл жерде адвокаттарың да, әкең де көмектеспейді. Бұл жерде сенің сандырақтарың өтпейді”, – деді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.
Бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде жан тапсырған.