Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әділетсіздік": Назарбаев мектебіне тест тапсыруға келген оқушылардың ата-аналары шу шығарды

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілді 7 сыныбына емтихан тапсырған оқушылардың ата-аналары наразылыққа шықты. Айтуларынша, биыл қазақ, орыс сыныптарына грант саны жүз-жүзден тең бөлінген. Әйтсе де, қазақ сыныбына 1483 бала үмітті болса, ал орыс тілінде тест тапсырғандардың саны – 695 оқушы. Сәйкесінше, қазақ тобында 1 грантқа 15 оқушы таласады, ал орыс сыныбындағы оқу гранты үшін – 7 бала үміткер. Мұны әділетсіздік деген ата-аналар қосымша грант бөлінсін деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің 7-сыныбына оқушылар қабылдауға биыл 200 грант бөлінген. Қазақ тобына 100, орыс тобына 100. Алайда ата-аналар ұл-қыздары жоғары балл жинаса да, жүздікке кірмеген.

“140-орында тұрған қазақ тобының оқушысының балы 100-орында тұрған орыс тобындағы оқушының балымен бірдей. Яғни 40 оқушының өміріне қиянат жасап жатырмыз. Оқушылардың грантқа түсе алмауының себебі, олар қазақ тобында оқығаны үшін ғана, егер ол орыс тобына тапсырса, түсіп кетер еді”, – дейді қоғам белсендісі Дархан  Ардақұлы.

Биыл Алматыдағы Зияткерлік мектептің қазақ тобына 1500-ге тарта оқушы емтихан тапсырса, орыс тілінде сабақ беретін топқа 700-ге жуық оқушы үмітті болған. Егер әр топтағы грант саны 100 екенін ескерсек, қазақ тілінде оқытатын сыныпқа грант алу үшін екі есе бәселестік туындайды дейді ата-аналар.

“Балаларымызды түрлі қосымша сабақтарға қатыстырып, үздік мектепке білім алуға жетелеген кезде, әділетсіздіктің құрбаны болдық" деген олар грант санын арттыруды талап етіп отыр.

“Білім министрлігіне, Асхат мырзаға жеткізгіміз келеді. Жүз баланы артық алуға мемлекеттің қауқары жетпей ме? Жетеді! Болмайтын нәрсеге ақша шашып жатырмыз ғой, болашағымы - өсіп келе жатқан балаларға, келешектегі ұрпағымызға шашуымыз керек ақшаны”, – дейді ата-ана Әділ Сламхан.

Республикалық "Өркен" білім беру гранты үшін нақты ережеге сәйкес конкурс өткізіледі дейді Зияткерлік мектептердің өкілі. Айтуынша, гранттардың саны мен қазақ, орыс топтарына бөлуді әр мектептің жобалық сыйымдылығын есепке алып, республикалық комиссия тағайындайды. Конкурстық іріктеудің алғашқы күні оқушылардың қанша балл жинағаны негізге алынатынын айтқан Жанар Жаманқұлова екі топтағы шектік балл жинаған оқушылардың саны шамалас дейді.

“Бұл емтиханда математика мен сандық сипаттама пәндері бойынша бізде шектік балл бар. Қазақ тобына 1483 бала тапсырса, шектік баллды алғанының саны 638 ғана, ал орыс тобына 698 бала тапсырса, 421-і шектік баллды алған. Сонда комиссияның қарауына өткен балалардың саны шамалас деп айтуға болады”, – дейді  НЗМ ДББҰ білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитациялау департаментінің аға менеджері Жанар Жаманқұлова.

Маманның айтуынша, грантқа ілікпеген оқушылар бір оқу жылы бойы резервтік тізімде болады. Түрлі себептермен грант босаған жағдайда тізім бойынша тұрған оқушыларға кезекпен грант беру комиссияның қарауына жіберіледі екен.

Талқылау