Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген төрт күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қаржы пирамидасына қатысы бар тағы үш адам анықталды.
"Әңгіме "Mudaraban Capital" серіктестігінің қатысушылары – Ш. және Т.есімді азаматтар жайлы болып отыр. Оларға қатысты сот бұрын бұлтартпау шарасы ретінде "кепіл" санкциясын берген. Сондай-ақ М.есімді және К.есімді азамат сотқа дейінгі тергеу барысында "үйқамаққа" алынған", - деді полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Айтуынша, оларды Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті деп таныды.
Сондай-ақ Алматы соты Mudarabaн Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынғанын растады.
"Тергеу сотының қаулысы бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын “кепілден” 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстауға өзгертуге санкция берілді", - делінген хабарламада.
Қылмыстық іс бір топ азаматтың "ASTEX.KZ" ЖШС, "ACD Technology" ЖШС лауазымды тұлғаларының қаржылық пирамида құру және оны басқару дерегі бойынша ұжымдық арыз негізінде Алматы қалалық полиция департаментінде тіркелді.
2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-ның лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін қажет деген желеумен қаражат тарту үшін бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқаны анықталды.
Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20 процентін төлеуге міндетті болды. "ASTEX.KZ" ЖШС 162 салымшыдан 5 миллиард теңгеден астам қаражатты басқа компания – "MUDARABAN CAPITAL" ЖШС арқылы алған.