Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған 4 жасар Айкөркемнің муралын бірнеше сағаттан кейін өшіріп тастады
Алматыда Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй аулаларының бірінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханға арналған мурал пайда болған еді. Алайда бірнеше сағаттан кейін муралды бояп тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нысанның қабырғасына қыздың суреті мен "Қай аға маған оқ атқан?" деген сөйлем жазылған. Бұл – Айкөркемнің әкесі қызының өлімінен кейін жазған өлеңнен алынған үзінді.
Муралдың суреті Rukh2k19 парақшасында жарияланған.
"Біз әділдікті талап етеміз. Бізге қосылып, сіз де әділдікті талап етіңіз. Өзімізді өзіміз қорғамасақ, басқа ешкім келіп, қорғамайды", – делінген парақшадағы жазбада.
Төрт жасар Айкөркемді көлікте ағалары және әпкесімен бірге отырған кезде атып тастаған. Әпкесі Жанель оқ жарақатымен ауруханаға түскен. Оған ота жасалып, тірі қалған еді. Көлікке 7 қаңтарда Республика алаңында, тәртіпсіздіктерден кейін ашық дүкен іздеп жүрген кезде оқ атылған. Бұл күні алаңды әскерилер бақылауына алған.
Мурал туралы ақпарат жарияланған соң Vlast.kz басылымы суретті коммуналды қызметтің жұмысшылары бояп тастағанын мәлімдеді.
Айкөркемге арналған мурал салынған қабырғада 2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті болған еді. Оның суреті бірнеше рет өзгертіліп, боялған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан Айкөркем Мелдеханның муралы пайда болғаны туралы хабарлаған едік.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
