Алматы облысында бұрынғы күйеуі ұрлап кеткен әйелдің зорланғаны айтылды
Алматы облысында бұрынғы күйеуі ұрлап кеткен әйелдің зорланғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 24krasnodar.ru
Бұл туралы #НеМолчиKZ қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді.
"Бүгін оны полиция бөліміне әкеліп, бұрынғы күйеуінің үстінен жазылған арыздан бас тартуға көндіргені белгілі болды. Бірінші күйеуі қайтыс болған, бұл әйелдің екінші некесі. Ұрлау кезінде бұрынғы күйеуі әйелді зорлағаны белгілі болды және ең сорақысы, анасы ұрланған кезде үлкен қызы өгей әкесінің өзіне тиіскені туралы айтқан", – делінген Дина Таңсәрінің жазбасында.
Қор жетекшісінің айтуынша, қазір әйелдің отбасы зорлау фактісін растау үшін сот-медициналық сараптамаға жолдама алуға тырысуда.
Жағдайға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті мәлімдеме жасады.
"Полиция он алты жасқа толмаған тұлғаның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру және жыныстық зорлық-зомбылық жасау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір аталған қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайларды анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайды", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әйелді бұрынғы күйеуі ұрлап кеткені туралы жазған едік.