Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ақылы автотұрақтар әкімдік меншігіне қайтарылды

Алматыда ақылы автотұрақтар қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі мәліметінше, монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС-нің 70 пайыз мөлшеріндегі үлесін және "Alan Parking" ЖШС-нің 100 пайыз үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түскен.

"Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС бірыңғай оператор ретінде қаланың бес ауданында (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетуге маманданған. Әкімдікке осы ЖШС-нің 30 пайызы тиесілі.

"AlanParking" ЖШС 3 ауданда (Алатау, Бостандық, Жетісу) орналасқан алаңдағы автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор саналады. ЖШС толығымен жекеменшікте болды", - делінген хабарламада.

Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдаған.

"Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс биыл 25 сәуірден бастап қала бюджетіне бағытталады.

Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады. Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін, сондай-ақ монополияға қарсы органдармен келісу қажет екенін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Алматы тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданатыны айтылды.

"Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, жинақталған проблемаларды шешу үшін қалада көп деңгейлі тұрақтар салуға басымдық беріледі", - деді әкімдік өкілдері.

Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған және бюджет қаражатын жымқыруға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Алматыда A-parking ақылы автотұрақтар операторы саналатын Alan Parking компаниясының директоры Мұхтар Базарбаев қамауға алынғаны хабарланған болатын.

Кейін A-Parking жобасына жауапты тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен соталды тергеу басталғаны хабарланды.

Былтыр желтоқсанда Қайрат Боранбаев иелік ететін RR2 компаниясы Alan Parking фирмасынан 30 пайыз үлес сатып алған. Бұған дейін ақылы автотұрақтардың операторы мемлекетке тиесілі болған.

Талқылау