Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Босану кезінде жамбасы шығып кеткен": Алматы тұрғыны перзентхана дәрігерлерінің салғырттығына ашуланды

Алматы тұрғыны сіңлісінің босану кезінде жамбасы ажырап кеткенін айтып, №2 қалалық перзентхана дәрігерлерінің жұмысына шағымын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Назым Назарымбеттің жеке дерекқорынан

Алматылықтың сөзінше, сіңлісі Назым Назарымбет №2 қалалық перзентханада 5 ақпан күні босанған. 

“№2 қалалық перзентхананың ақылы бөліміне 125 мың теңге төлеп жатқыздық. Босану өте қиын болды. Толғақ болмаған, тек 2 саусақ көлемінде ашылған. Сол сәтте медицина қызметкерлері толғақ шақыратын екпе салған. Бала босану жолына түскен. Оны дереу босандырып алмаса, жүрек соғысы азайып, жоғалтып алуымыз мүмкін еді. Сіңлімнің қынабын кесіп, вакууммен баланы шығарып алған. Сол кезде сіңлімнің дәрет сындыратын жердегі сүйегі ажырап кеткен. Негізі ол табиғи босану кезінде ажырап, қайта орнына келуі керек. Дәрігерлер баланы аман алып қаламыз деп қинап жіберген”, – дейді әйел.



Тұрғынның айтуынша, дәрігерлер сіңлісін босанған күннің ертесіне-ақ перзентханадан шығарып жібермек болған. 

“Баланы басындағы гематомасымен босандырып алды. Сосын сіңлімнің қынабын тігіп, палатаға ауыстырды. Дәрігерлер Назымға ауырсынуды басатын инъекция салып, кішкене жүр депті. Ол бір-екі қадам басып, ауырып тұр деп айтыпты. Басында тіккен жері ауырып жүр деп ойладық. Оның үстіне мекеме қызметкерлері оны босанған күннің ертесіне шығарып жібермек болғаны тағы бар. 5 ақпанда босанған сіңлім жамбасының шығып кеткенін 10 ақпан күні білді. Сол күні УДЗ-ге түсіп, оның 0,86 см ашық тұрғанын көрген. Негізі қалыпты жағдайда 0,2 жақын болуы керек”, – дейді алматылық. 

Алматы тұрғынының сөзінше, енді Назым біраз уақыт ауруханада емделеді. Дәрігерлер 2 күннен кейін МРТ-ға түсіріп, жамбасын, омыртқасын тексереміз депті. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматыдағы №2 қалалық перзентханаға мән-жайды білу үшін хабарласып көрді. 

Перзентхана мәліметінше, науқастың, яғни Назымның тек сүйегі ауырсынып қалған. Баланың да, әйелдің де денсаулығы жақсы, бар жағдай жасалып жатыр, дейді. 

“Назым Назарымбеттің тек сүйегі ауырсынып қалған. Жұма, яғни 14 ақпанға дейін қарап, емдейміз. Баласының да, өзінің де денсаулығы жақсы. Бар жағдай жасалып жатыр”, – дейді перзентхана басшылығы. 

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада босанған әйелге 12 донордан қан құйылғаннан кейін бір ай өткен соң оған “ВИЧ” диагнозы қойылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған, алайда ешқандай шара қолданылмағаны айтылды. Дәрігерлерге тергеу жүргізудің орнына ақпаратты жарияламау туралы ескерту жасалған. Тіпті науқасқа ақша ұсынылған деген мәлімет бар.

Әйел 2024 жылдың 22 қыркүйегінде облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, 23 қыркүйекте табиғи жолмен босанған. Қан кету салдарынан екі рет ота жасалып, 16 қазан күні үйіне шығарылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі мен полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Министр Ақмарал Әлназарова тергеу нәтижелері бойынша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Талқылау