Алматы тауларында заңсыз салынған үш ғимарат сүрілді
Алматыда "Көлсай" шағын ауданында заңсыз тұрғызылған үш ғимарат сүрілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала құрылысын бақылау бөлімі жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде, жеке тұлғаның рұқсат құжаттарынсыз нысандар салып жатқаны анықталды.
"Нәтижесінде, құқық бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылып, меншік иесіне әкімшілік шара қолданылды. 2023 жылдың 25 сәуірінде басшылық Алматы қаласы Медеу аудандық сотына бұзу туралы талап арызбен жүгінді. 2023 жылғы 22 қыркүйектегі сот шешімімен бұзу туралы талап арыз қанағаттандырылды", – делінген хабарламада.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Үй иесі қалалық Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен өз еркімен бөлшектеуге кірісті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда салынып жатқан тағы бір үлкен ғимарат сүрілгені туралы жазған едік. Меншік иесі Шұғыла шағынауданында 1350 шаршы метрден астам ғимаратты рұқсат құжаттамасыз шаруашылық тәсілмен салған.