Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тау бөктеріндегі ауыз су мәселесі шешіле ме – Ерболат Досаев жауап берді

2024 жылдың 3 тоқсанында Таулы қырат, Алатау және Юбилейный шағын аудандарында 51,7 шақырым тарату желілері салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Әкім Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында биыл Алматыда, Мұзтау, Каменск үстірті, Асқарау, Кіші станица, Атырау және Сұлусай шағын аудандарында 145,7 шақырым тарату желілерінің құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталатынын хабарлады.

Алматы әкімінің айтуынша, жазда, аптап ыстыққа байланысты ауданның жоғары бөлігін сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. 

"2023 жылдың шілде айында судың лайлануы нормадан 50 есе асып, су тапшылығы тәулігіне 20 мың текше метр болды. Тапшылықты жою үшін төтенше жағдайлар аясында қуаты тәулігіне 32 мың текше метр резервтік сумен қамту схемасының құрылысы басталды. Ол 2024 жылдың маусым айында аяқталады. Судың негізгі көздері – Талғар жерасты сулары мен сорғы станцияларының қуатын 60%-ға арттыра отырып, 6 жаңа скважина бұрғылау", – деді әкім Ерболат Досаев.

Қала әкімі "Думан" шағын ауданында халық санының көбеюіне байланысты, жұмыс істеп тұрған резервуарлардың өткізу қабілеті ауыз су қажеттігін өтемейтінін жеткізді. Жазғы уақытта тәулігіне 2,2 мың текше метр тұтыну тапшылығы байқалады.



"Осы мәселені шешу үшін биыл 2 су резервуарын, магистралды су құбырын және 2 сорғы станциясын реконструкциялауды бастаймыз", – деді Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, қала әкімі Каменск үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын ауданының тұрғындарын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар желісі бойынша 7,3 мың текше метр суға арналған 7 резервуар салынғанын еске салды.
Оның айтуынша, күніне 15,7 текше метр су өткізетін 6 скважина жаңартылды. 

"Осы жылдың наурыз айында нысандарды толыққанды іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Медеу ауданының әкімдігі 2023 жылдан бастап 276,5 км сумен қамту және кәріз тарату желілерін салу жұмыстарын бастады. 2023 жылы Халиуллин көшесі мен Каменское үстірті шағын ауданында 13,4 км құрылыс аяқталды. 2024 жылы Кеңсай, Көлсай, Компот, және Думан шағын аудандарында 65,7 км желінің құрылысы аяқталады", – деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.

Талқылау