Алматы саябағының қызметкері жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жазаланды (видео)
Алматыда саябақта жұмыс істейтін жылқылардың иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жазаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Оқиға видеоға түсіп қалған. Тәртіп сақшылары видеоны әлеуметтік желілерді бақылап отырып байқаған. Кадрлардан ер адамның атқа мініп бара жатқанын көруге болады. Ер адам атына пониды байлап алған. Желі қолданушылары екі атты да бірден таныған. Айтуларынша, екеуі де мегаполистің орталық саябағында.
"Тексеру барысында оқиғаның Мақатаев және Жетісу көшелерінің қиылысында болғаны анықталды. Бұл ретте құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 614 (Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) және 407-1 (Жануарларға қатыгездікпен қарау) баптары бойынша жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.
Көліктің қозғалысына кедергі жасау – 3 АЕК, жануарларға қатыгездік көрсету – 5 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Жалпы айыппұл 29 мың теңге болды.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жануарларды аулау орталығының қызметкерлері иттерді аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік.