Алматы полициясы жаппай адам өліміне қатысты: Бесінші қаза тапқан адам - үйдің жаңа иесінің досы
Алматыдағы қанды қырғында қаза тапқан бесінші адам үйдің жаңа иесінің досы болып шықты, деп мәлімдеді қалалық полиция бөлімінің бастығы Қанат Таймерденов. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ол үйдің жаңа иесінің досы болған және оқиға орнына куәгер ретінде еріп келген", – деді Таймерденов бейсенбі күні өткен брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшамауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.