Алматы полициясы атыста қаза болған инспекторлар жайлы айтты
Алматы полициясы Алатау ауданында 20 қыркүйек күнгі атыс кезінде оққа ұшып, көз жұмған учаскелік инспекторлар жайлы айтып берді. Капитан Нұрбол Байғазиев пен майор Дархан Сүлеевтің заң саласында жоғары білімі болған, екеуі де бұған дейін полиция департаментінің әртүрлі бөлімшелерінде қызмет атқарған. Бқл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
© SPUTNIK / АЛЕКСАНДР МИРОГЛОВ
39 жастағы майор Дархан Сүлеев 18 жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен.
1982 жылдың 4 қаңтарында Тараз қаласында дүниеге келген. 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. 2003 жылдың қаңтарынан бастап полицияда қызмет атқарған.
Тараздағы ІІМ училищесінде басшының орынбасары, кейіннен аталған оқу орнында инспектор-маман болып жұмыс істеген. 2004-2006 жылдары – Алматы АІІБ-нің Әуезов аудандық полициясында учаскелік инспектордың көмекшісі қызметін атқарған. 2006-2008 жылдары – аталған АІІБ-нің учаскелік инспекторы.
Биыл тамыз айынан бастап Алатау аудандық полициясының учаскелік инспекторы қызметіне тағайындалған.
Құқық қорғау органдарында қызмет атқарған жылдарында 6 рет мадақталған. Оның ішінде 3-дәрежелі "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медалімен, "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгісімен марапатталған.
Отбасылы, кәмілеттік жасқа толмаған бес баласы бар. Кенжесі әлі 1 жасқа да толмаған.
Ал 33 жастағы полиция капитаны Нұрбол Байғазиев құқық қорғау органдарында 7 жыл қызмет еткен.
1988 жылдың 27 тамызында Алматы қаласында туған. 2011 жылы Алматы экономика және құқық коллеждін, ал 2021 жылы Есболатов атындағы Алматыдағы ІІМ академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша – заңгер.
Биыл шілде айында Алатау ауданында учаскелік инспектор қызметіне тағайындалған. Бұл салада қызмет еткен жылдары ішінде 13 рет мадақталған. "Үздік құтқарушы жауынгер", "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгілерін иеленген.
Отбасылы, артында кәмілеттік жасқа толмаған екі баласы қалды.
5 адамның өмірін қиған трагедия Алматының Алатау ауданында орналасқан Ақбұлақ ықшамауданында 20 қыркүйек күні кешке болған. 1967 жылы туған ер адам екі полицейге, сот орындаушыға, даулы үйдің жаңа иесі мен оның өкіліне оқ атқан. Бесеуі де оқиға орнында қаза болды. Алматы полициясы департаментінің жедел-тергеу тобы оқиға орнында әлі де жұмыс істеуде.