Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауыл жастары арасында жаппай төбелес орын алды
16 маусымда Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауыл жастары арасында жаппай төбелес болған. Оқиға салдарынан 20 және 21 жастағы бес жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап.
Төбелескен жастың екеуіне дереу түрде ота жасалған. Ұйғыр ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктің туындауына не себеп болғанын анықтау мақсатында оқиға орнына Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі барды.
Өңір басшысы ауыл халқымен, ақсақалдармен кездесті. Өрімдей жастардың бір-біріне пышақ ала жүгіруіне нақты не себеп болғаны белгісіз.
Алматы облысының баспасөз хатшысы Ғалмұрат Жүкел оқиғада этносаралық ештеңе жоқ екенін айтқан.
"Жастардың арасында болған бұзақылықтар. 1998-2000 жылғы жастар. Осыған қатысты облыс әкімінің орынбасары және артынша әкімнің өзі келді. Қазір ақсақалдар, жігіт ағаларының қатысуымен үлкен жиналыс өтуде. Жастар арасына іріткі салып жүрген үшінші жақтың бар екені айтылды. Осы бойынша құзырлы органдар тиісті шаралар қабылдауда", - деді ол.