Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысындағы емдік қасиеті мол "Рай көлі" қараусыз жатыр

Алматы облысында суының құрамы Израильдегі Өлі теңізге ұқсас "Рай көлі" бар. Талдықорғаннан небәрі 170 шақырым жерде орналасқан су айдынының емдік қасиеті де мол. Алайда көл маңында ешқандай инфрақұрылым жоқ. Халық жабайы түрде келіп демалып, тері және буын ауруларына ем алып қайтады. Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қазақстан” ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айдынның "Рай көлі" деп аталуының да өзіндік сыры бар. Бұл көлге түскен адам суға мүлдем батпайды. Себебі көлдің құрамында тұз өте көп.

Матай ауылының тұрғыны Молшылық Әлікенов бір жылдан бері көлге адам тасиды. Денедегі экзема, псориаз, қышыма сияқты түрлі жараға, буындардың қақсағанына емі барын білген халық жан-жақтан келетінін айтады ол.

"Жамбыл облысынан келген кісілер бар. Шымкенттен келдік дейді. Семейден келген адамдар да кездеседі. Осы жерде отырып әңгімелесеміз. Буынмен ауырдым. Қазір буыным жақсы болып қалды. Осы жердің қасиеті, тұзының қасиеті деп ойлаймын", – дейді Матай ауылының тұрғыны Молшылық Әлікенов.

Рай көлі Матай ауылынан 60 шақырым жерде орналасқан. Жолдың жарты бөлігі асфальт, жартысы құмдауыт. Жай көлік өте алмайды. Ал көл басында демалушыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Әжетхана, қоқыс төгетін контейнерлер атымен жоқ. Ал инфрақұрылымды реттеуге ауылдың да, ауданның да шамасы жетпейді.

"Бұған облыс, республикалық бюджет арқылы қаржы бөліп жасауға болады деп ойлаймын. Ал енді біз өз тарапымыздан күзде, көктемде осы жерді жинап кетеміз", – дейді Матай ауылдық округінің бас маманы Серік Қыдырбеков.

Бұл көлдің тағы бір қасиеті су түбіндегі батпақ шілденің шіліңгір ыстығында қатты қызады. Дәл сол кезде адам қарасы көбейетін көрінеді. Сондай-ақ айдында түрлі микроорганизмдер бар. Ал әкімдіктегілер судың құрамы әлі толық зерттелмегенін айтады.

Ақберен Амангелді
Сейсенбі, 24 Тамыз, 2021 16:20
Талқылау