Алматы облысындағы “Асыл Арман” тұрғын үй кешенінің тұрғындары ереуілге шықты (видео)
Алматы облысындағы “Асыл Арман” тұрғын үй кешенінің тұрғындары ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Осыған дейін “Асыл Арман” тұрғын үй кешенінде мектеп автобусы 7 жасар баланы басып кеткен еді. Бүлдіршін оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы жағдайдан кейін оқиға орнына тұрғын үй кешенінің тұрғындары жиналып, наразылық білдірді. Тұрғындар биліктен мектеп салып беруді, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасауды талап етіп отыр.
Тұрғындарға жергілікті билік өкілдері келді.
"Сіздер бізді естіп жатқан жоқсыздар. Қанша рет хат жазды. Мына жерде кішкентай балалар жүреді, осы жағдайды күттіңіздер ме? Менің сегіз балам бар. Осы жағдайды естіген кезде жүгіріп келдім, менің балам ба деп ойладым. Неге бізді естімейміздер?", – дейді тұрғындардың бірі.
Желіде тараған видеолардан жиналған тұрғындардың бірінің әкімдік қызметкеріне шабуыл жасағанын да көруге болады.
Тұрғындар мектептің салынуын 10 жылдан бері күтіп жүргендерін айтады.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында көлік тұрағында 7 жасар баланы автобус басып кеткені туралы жазған едік.