Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті қойылды

Алматы облысына қарасты Кеген ауылында орналасқан балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ескерткіш ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің ұлы Қайрат Нұрқаділов қатысты. Мұнда өңір әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов сөз алып, туынды авторларына алғысын білдірді.

"Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сонымен бірге биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Шара барысында жиналғандарға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы "Не только о себе" атты кітабы таратылды.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Айта кетейік, Кегендегі балалар өнер мектебі 2015 жылы құрылған. Мұнда балаларға домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, хореография, бейнелеу, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша білім береді. Қазір мектепте 44 педагог 890 оқушыға білім беріп жатыр.



Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 1954 және 2005 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, саясаткер, экономист. Ол Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды және өз кезеңінде еліміздегі ірі саяси тұлғалардың бірі болды. Нұрқаділов бірнеше мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеп, экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға елеулі үлес қосты.

2005 жылы 12 қарашада Нұрқаділовтың өз үйінде қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның өлімі күдікті жағдайда болды, себебі ол өз үйінде ату жарақатынан көз жұмды. Алғашында оның өлімі өзін өзі өлтіру ретінде сипатталды. Бірақ көпшіліктің көкейінде бұл оқиғаға байланысты көптеген сұрақ туындады.

Қоғамда Нұрқаділовтың қазасы саяси өлтіру немесе қастандық ретінде қарастырылды. Өйткені ол Қазақстандағы саясатқа қатысты ашық және өткір пікірлер айтқан тұлға болатын. Ол әсіресе 2004 жылы Қазақстанның сол кездегі саясатқа қарсы сыни көзқарастарымен танымал болды. Сондықтан оның өліміне қатысты көптеген теориялар мен қауесеттер пайда болды, бірақ нақты себептері әлі күнге дейін анықталмады.

Еске салайық, бұған дейін 14 қаңтарда Алматы облысында саясаткер Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатылатынын жаздық. Оның құрметіне көше атауы беріліп, жетістіктері мен еңбегі еске алынды. Жиынға саясаткерлер, қайраткерлер және әртүрлі саланың өкілдері қатысып, оның Қазақстан мен Алматының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың хаттары оқылды.

Талқылау