Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көрші еркектен зорлық көрген 8 жасар қыздың әжесі тағы да адам шошырлық деректі айтты

Осы жылдың мамыр айында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе ауылындағы жантүршігерлік жағдай дүйім жұрттың жағасын ұстатқан еді. Бір жыл бойы оқушы қызға сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттерін жасаған күдікті ер адамға қатысты бұрын-соңды айтылмаған тың ақпараттар белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

 
Бүгінде даулы оқиғадан кейін ауыл тұрғындарының мазасы қашқан. Ал жәбірленуші қыздың әжесі қоғамды дүр сілкіндірген іс туралы тың деректерді ашық айтты. 

"Көршім – Туртуров Алик, ұлты – түрік. Менің кішкентай 8 жасар немереме төрт рет жыныстық қатынас жасаған. Тергеу болды, бәрімізді сұраққа алды. Сараптама келді. Сол көршімнің үйінен, яғни Туртуров Алик тұратын үйдегі кілемнен оның ұрығы шықты, 8 жасар немеремнің түкірігі шықты. Сараптама оң нәтижесін берді. Бірақ Туртуров Алик мойындамай отыр. Үш адвокатты жалдап, күшейіп отыр. Қыздың әкесі жоқ деп басынғаны ма, мен үндемей жүр деп басынып отыр ма? Мен немеремнің келешегін ойлап отырмын. Көршілер жиналып, күдікті жігіттің отбасы басқа жаққа көшуін талап еткен. Міне, әлі тұр, көшкен жоқ. Үйін 30 млн теңгеге бағалапты, ол үйді 30 млн-ға кім алады? 30 млн-ның үйі емес. Бұлар мені мазақ қылып отыр ма, әлде басынып отыр ма?", – деп жәбірленуші қыздың әжесі ашуланды.


Дәл осы оқиғадан кейін көрші еркектен зәбір көрген оқушы қыздың мінез-құлқы күрт өзгерген, психологиясында ауытқулар бары анық байқалады екен.   

"Немеремнің психологиясы өзгерді. Ашуланшақ, агрессивті болып кетті. Бір сөз айтса жылай салады. Көктемнен бері 6 ай өтті. Қызды ары-бері тасып жатырмыз. Сараптаманың бәрінен өттік. Бейнекамераға да түсіп жатырмыз. Қайта-қайта қыздың жүйкесін, психикасын ойлап отырмын. Бұлар көшіп кетсе екен. Өзім де үйімді сатуға қойдым, әзірге өтпей тұр. Қыздың мектебін ауыстырып, көз алдында болған мына сұмдықты ұмытса екен деп отырмын", – дейді әжесі. 


Күдікке ілінген көрші еркектің үйі мектепке жақын орналасқан екен. Оқушылардың барлығы дәл сол маңнан өтеді. Ал бұл жағдай тұрғындардың ашуын тудырып отыр. 

"Мектеп қасымызда, мына жерден бала-шағаның бәрі былай-былай өтіп жатыр. Мына жер өте қорқынышты, мына жақта сай. Арғы жағында жаңа ауыл құрылып жатыр. Түрлі-түрлі адамдар бар. Сондықтан заңды түрде жазасын алу керек. Күдікті көрші бұл үйге кейін келді, бұрын бір шал мен кемпір тұрған. Күдікті жігіт жақ жанын салып жатыр. Адвокаттары да мықты. Бірден, екіден, үштен адвокаттар жалдап алған. Кішкентай қыз бала ондай зорлық көрсету енді сұмдық", – дейді Нұрсағат есімді көрші. 
"Мына көшеден біздің балаларымыз өтеді. Көктем мезгілінде осы оқиғаны естіп бәріміз шошыдық. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Әрине, бұл оқиға қайталанбасын деп үміттенеміз. Өйткені балаларымыз таңнан кешке дейін осы жермен жүреді. Шыны керек, күдіктінің отбасы осы жерден көшіп кетті деп, кішкене тынышталған едік. Бірақ әлі тұрып жатыр екен. Сұмдық жағдай. Бір шешімі табылар деп үміттенеміз. Мұндай жағдайдың біздің ауылдан шыққанын біз ашулымыз, әрине", – дейді Эльмира есімді көрші әйел. 


Әжесінің айтуынша, қазіргі таңда күдікті ұсталып, қамауға алынған. Аталған іске қатысты тергеу жұмыстары әлі де жүріп жатқан көрінеді. Бірақ азғындық жасады деп айыпталған жігіт істеген әрекетін мойындаудан бас тартып отыр екен.  

"Халқым, елім, жұртым, сіздерде де осындай бала-шаға бар шығар. Сіздерде де осындай немере бар шығар. Сіздер мені қолдаңыздар, түсініңіздер. Мен осындай жағдаймен жүрмін. Не күлкі жоқ, не ұйқы жоқ. Ойымның бәрі осы, жүйкеден жүйке қалмады. Қаншама денсаулығым кетіп жатыр. Әркімнің отбасында осындай жағдай болса, қандай болар еді. Мұндай жағдайды дұшпаныма да тілемеймін", – деп 8 жасар қыздың әжесі жылады. 


Еске сала кетсек, бұған дейін Stan.kz тілшісі қоғамда қызу талқыланған дәл осы атышулы оқиға туралы жазған еді. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау