"Анасы білсе де, үндемеген": Алматы облысында туған әкесі қыздарын зорлады деген күдікке ілінді
Алматы облысында туған әкесі өз қыздарын зорлады деген күдікке ілінді. Полиция істі тергеуге алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның жай-жапсарын баяндады. Оның сөзінше, оқиға Алматы облысының Есік қаласында болған. Әкесі бірнеше жыл бойы кәмелетке толмаған екі қызын кезекпен кезек зорлап келген.
“Әкесі алдымен үлкен қызын зорлаған, сосын кішісін! Жауыз түрде.
Жылдар бойы олармен жыныстық қатынасқа түскен!”, – деп жазды журналист.
Қыздардың анасы білген, бірақ үнсіз қалған.
"Қыздар есейгенше шыдады. Ақша жинап, құрбыма қашып келді. Зорлағаны туралы дәлел бар, қыздар жылдар бойы аудиожазбалар жинаған! Онда ол оңбағанның қыздарды қалай зорлағаны естіледі. Әкесінің аудандағы өте беделді тұлға екенін ескерсек, қыздар үшін қорқамын, ақшамен шешіп кетуі мүмкін”, – деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.
- "Бес жасар қызды зорлаған": Түркістан облысында педофил деп айыпталған жігітті ауыл тұрғындары жазалаған
- Таныстары арқылы жазадан құтылып кетеді деп алаңдаулы: Қостанайда танымал бапкер өгей қызын зорлады деп күдікке ілінді
Алматы облысының полиция департаменті осы жағдайға байланысты түсініктеме берді. Олардың хабарлауынша, бұл факт аудандық полицияда тіркелген.
"Қазіргі уақытта 57 жастағы күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Істі дұрыс шешу үшін жағдайды зерттеудің жан-жақтылығына, толықтығына және объективтілігіне бағытталған барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаменті бұл факті бойынша бұрын полицияға ешкім хабарласпағанын атап өтті. Тергеу барысы облыстық департамент басшысының ерекше бақылауына алынды.