Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында Сингапур стиліндегі жаңа мегаполис салынбақ

Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Алматы облысындағы аса ірі Alatau City жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы ретінде маңызды саналатынын атап өтті. Бұл жобаны іске асыру мәселесі Сингапур президентімен және премьер-министрімен жүргізілген келіссөздер барысында талқыланған.

"Біз Сингапур стиліндегі мүлдем жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салуға ниеттіміз. Ол әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айнала алады. Жан-жақты ойластырылып жобаланған инфрақұрылым, үй салу кезінде инновациялық технологияларды пайдалану және перспективті салаларға баса мән беру – осының бәрі орнықты даму жобасы ретінде Alatau Сity құрылысының сәтті іске асуына үлес қосатын аса маңызды элементтер. IT, cтартаптар, зерттеулер мен әзірлемелер, тұрақты өндіріс, жаңартылатын энергия көздері, агробизнес, денсаулық сақтау сияқты инновациялық секторлардың дамуы ресурс тұтынуға негізделген дәстүрлі салалардан бас тартудың айқын көрінісі болуға тиіс. Жасыл, орнықты әрі инклюзивті қала құру, әлбетте, саяси жағынан үздіксіз үйлестіруді және инвестицияға қолайлы жағдай жасауды қажет етеді. Сондықтан Қазақстан үкіметі ауданы мың шаршы километрге жуық Alatau арнайы экономикалық аймағын құрды", – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың әлеуеті зор екеніне сенім білдіріп, Сингапур бизнесінің өкілдерін осы жобаға белсенді қатысуға шақырды.

Алматы облысының әкімдігі Caspian Group акционерлік қоғамымен және Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп, өңірде G4 City қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын дайындады.

Талқылау