Алматы облысында сібір жарасынан өлген мал көмілген аймаққа 400-ден астам үй салынған: Тұрғындар дабыл қақты
Алматы облысы Нұрғиса Тілендиев ауылында сібір жарасынан өлген мал көмілген жердің айналасына 400-ден астам тұрғын үй салынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Екі мыңға жуық ауыл тұрғыны үй салып болған кезде ғана инфекция ошағына жақын орналасқандарын білген.
Ауыл тұрғындарына жер телімдері бірнеше жыл бұрын берілген. Содан бері көбі үй салып, үйінің маңын абаттандырып үлгерген. Алайда қолдарында құжаттары жоқ. Өйткені сібір жарасынан өлген мал көмілген жерге жақын орналасуы санитарлық нормаларға қайшы келеді.
"Құрылыс біте салысымен, жалға беру мерзімін ұзартамыз, үй салсаңыз, өз атыңызға заңдастырып аласыз деді. Заңдастыру мерзімі жақындаған кезде мал қорымының барын білдік. Әкімдіктен не істеу керек екенін сұрадық, олар келісім-шартты тоқтату туралы прокуратураның қаулысы бар екенін айтты", – дейді ауыл тұрғыны Айнаш Иманғалиева.
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты сібір жарасының 14 қорымы ашылып кеткен
Сібір жарасына шалдыққан малдардың қалдықтары көмілген қорым орналасқан темір қоршауда ешқандай ескерту немесе басқа белгілер жоқ. Сібір жарасының бактериялары жер бетінде жүздеген жылдар бойы өмір сүре алады, ал егер қорым да расымен бактериялар болса, аурудың таралуына себеп болуы мүмкін.
Мал қорымдары тұрғын үйлерден небәрі 700 метр қашықтықта орналасқан. Ал санитарлық талаптарға сәйкес қауіпсіз қашықтық кемінде бір шақырым болуы керек. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларға мұндай қорымдар жақын екенін ешкім ескертпеген.
"Мен бұл жерде 11 жыл бойы тұрып жатырмын. Бұл қоршауды бірінші рет көріп тұрмын", – дейді ауыл тұрғыны Павел Бузылев.
"2012 жылы жер телімдері бірінен соң бірі жалға берілген еді. Бұл жерде сібір жарасының ошақтары бар екенін өткен жылдың желтоқсан айының соңында білдім. Қазір санитарлық аймақта қанша үй бар екенін есептеп жатырмыз. Біздің есептеуіміз бойынша олар – 429 үй", – дейді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.
Қазір сібір жарасынан өлген мал көмілген жердің айналасындағы бұрын бөлінген жер телімдерінде құрылыс әлі де жалғасып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде сібір жарасы бар қорымдарды су басып қалғаны туралы жазған едік.