Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында перзентхана маңынан табылған адам сүйектері тұрғындардың үрейін тудырды

Алтын адам табылып аты шыққан Есік қаласынан тағы да адам сүйегі табылды. Бірақ бұл жолғы сүйектер жәдігер деуге келмейді дейді жергілікті тұрғындар. Оның үстіне перзентханадан он қадам жерден табылған адам қаңқасы мен бас сүйегі одан сайын қорқыныш тудырып отырған көрінеді. Ал Есік қаласының тұрғындары біреулер әдейі адам өлтіріп, көміп кетуі мүмкін деп болжам жасап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

қаңқа

Алтын адам табылған Есік қаласынан тағы да адам сүйегі табылды деп тұрғындар дабыл қағып, желіге видео жүктеді. Бірақ бұл жолғы адам сүйегі жәдігерге қарағанда жәбір көріп көмілген сүйекке көбірек ұқсайды деп болжам жасапты. Оның үстіне дәл ауылдың шетіндегі перзентхана маңынан табылғаны күмән тудырады дейді халық.

"Бейітке ұқсамайды бұл жер. Бұл жер, менің ойымша, бейіт басы болса, тереңірек болу керек қой. Бұл деген былай қарап отырсаң кезінде қалай көміліп қалған? Әлде өлтіріп, көміп кеткен бе?", - деді Есік қаласының тұрғыны Ринат Жүнісов.

Зират жоқ жерден адамның бас сүйегі мен аяқ сүйегі осыдан екі -үш күн бұрын табылыпты. Сүйек жұмысшылар су құбырын қазбақ болғанда шыққан. 

"Не екенін білмейміз. Төбе болып жатқан. Қазғанда көргеніміз жоқ, кейін бірақ таптық" , - дейді перзентхана күзетшісі Ерғали Ибрашев.

Ал Есік қаласының әкімдігі перзентхана маңынан табылған адам сүйегіне қатысты қазір ештеңе айта алмаймыз деп отыр. Сөздерінше, ести сала қаңқа қалдықтарын тексертуге жіберіпті. 



"Бұл жерде бізде қазіргі таңда су құбырларын жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының бәрі тоқтатылып, біткеннен кейін толықтай мәлімет береміз" , - дейді Есік қаласының әкімінің орынбасары Шаттық Тұрсынжанұлы.

Осы маңда мал ұстайтын шаруалар, былтыр дәл осы маңды қазғанда ешқандай сүйек табылмап еді деп таңғалып отыр. Содан олар адам сүйегі жақын уақытта көмілген болар деп тұжырым  жасады.

Перзентхана маңынан табылған адам сүйегінен шошыған жергілікті тұрғындар бұл жерде адам өлімі болуы мүмкін дейді.  Ал әкімдік оны тек тексеру қорытындысы көрсетеді деп нақты жауап бермей отыр. Алайда жергілікті билік сүйекті тексеруге алып кеттік десе де, бұл маңда адам сүйектері әлі жатқан көрінеді.  

Талқылау