Алматы облысында өтемақы ала алмаған медицина қызметкерлері шу шығарды
Презиент Тоқаев қанша қадап тапсырса да, үстемеақы мен өтемақының дауы әлі басылар емес. Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының 60-қа жуық медициналық қызметкері коронавирус жұқтырсақ та өтемақы ала алмай жүрміз деді.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Медициналық қызметкерлер әрқайсысымызға 2 млн теңгеден берілуі керек еді деп отыр. Комиссия ақ халаттылардың ауруды қызметте жүріп жұқтырғандарына күмәнмен қарап, аурухананың 12 қызметкері ғана өтемақыға лайық деп шешкен.
Дәрігерлер мен мейірбикелер, санитарлық қызметкерлер өтемақы аламыз деп құшақ-құшақ құжат өткізген. ПТР сынамасының нәтижесі оң болып шықты дейді. Олар науқастармен тікелей жұмыс істегенбіз деп отыр.
Тілшілердің келгенін білісімен аурухананың үш есігі де тарс жабылды. "Бізді жұмыстан қуамыз деп жатыр. Бұлардың қақысы бар ма бізді жұмыстан кетіруге?", - деді санитар қызметкер Гуля Ибраимова.
"Сендердің қайдан жұқтырғандарыңды қайдан білеміз? Автобустан жұқтырған шығарсыңдар дейді", - деді мейірбике Тамара Наурызбаева.
Аураханаға алдын ала жазылған науқастар да, науқастарға түскі ас алып келген қызметкерлер де ішке кіре алмай дал болды.
"Бізге берген тізімде 12 адамның 8-і міндетін атқару барысында ауру жұқтырған. Біз тізімді қайта қарап, қайта анықтаймыз", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.
Медицина қызметкерлері бұл іс нәтижесіз қалса, барлық құзырлы органға шағым түсіреміз деп отыр.