Алматы облысында коронавирустан көз жұмған әйел жақындарының түсіне кіріп, "бір мүшем жоқ" деп мазалаған
Қоғам белсендісі Сәуле Алипова естіген әңгімесін желіде жазды. Оның айтуынша, коронавирустан көз жұмған жүкті келіншектің рухы тыныш таба алар емес. Бұл оқиғаға Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.
Бұл туралы Сәуле Алипова Facebook парақшасында жазды.
Сәуле Әлипованың айтуынша, былтыр ғана отау құрған жас отбасында жақында қайғылы жағдай болған. Енді ата-ана боламыз деп үміт етіп жүргенде жүкті келіншек ауырып көз жұмыпты. Дәрігерлер оның өлімі коронавирустан болды деп хабарлайды.
"Әйел есінен танып құлағандықтан оны дереу ауруханаға жеткізеді. Ол қалаға тіркелген екен, ауылдан қалаға жібереді. Қаладағы дәрігерлер рұқсатсыз әйелдің 5 айлық баласын алып тастайды. Баласынан айырғанын білген соң әйел күйзеліске түскен. Ауырып қайта ауруханаға түседі. Дәрігерлер тағы бір ота жасайды. Екінші отада соң науқас есін жимай көз жұмады. Дәрігерлер әйелдің коронавирустан көз жұмғанын айтып, денесін темір табытпен әкетеді. Мұндай диагноз қойылған жағдайда ешкім шағым түсере алмайтын болса керек", - деп жазады.
Алайда марқұм әйел жақындарының түсіне кіріп, мазалайтын көрінеді. "Менің денем тесік, бір мүшем жоқ" деп жылайды.
Бұған алаңдаған отбасы егер коронавируспен ауырғаны рас болса, неге жақындарын тексермейді деп дал.
Олар дәрігерлердің 5 айлық баланың денесін бермегенін алға тартты. Осы түсініксіз мәселенің анық-қанығын білгісі келеді. Жазба желіде қызу талқыланды. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұған пікір білдірді.
"Құрметті Сәуле Алипова! Қара жамылған отбасыға қайғырып көңіл айтамыз! Сіз айтқан оқиға Алматы облысында болды. Жүкті келіншек коронавирустың ауыр формасымен ауырып көз жұмды. Оған 25 күн бойы емдеу шарасы жүргізілген. Науқас Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 35-қаулысы, 8-қосымшасына сәйкес, covid-19 инфекциясынан қайтыс болған жандарды жерлеу тәртібі бойынша жерленді", - делінген жазбада.