Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында карантин күшейтілді

Алматы облысында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты жаңа қаулы жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Ashyq" жобасына қатысуына қарамастан, төмендегі шараларды өткізуге тыйым салынады.

- концерт залдарының, цирктердің, филармониялардың қызметіне;

- діни бірлестіктер нысандарында (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т.б.) ұжымдық іс-шаралар өткізуге (жұма намазы, діни жоралар және т.б.);

- конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар өткізуге;

- түнгі клубтардың қызметіне;

- қоғамдық тамақтану нысандарында бар үстелшесінде қызмет көрсету, караоке қызметі (қоғамдық тамақтану бойынша қызметтерді қоспағанда);

- "Ashyq" жобасына қатысушы нысандарда 30 адамға дейін еске алуды өткізуді қоспағанда, салтанатты, бұқаралық (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ауызашар, корпоративтер және т.б.), далада және жабық жайларда ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру, өткізу және қатысуға болмайды;

2) кинотеатрлардың ("Ashyq" жобасына қатысушылардың) толымдылығы 30% аспауы тиіс;

"600-ден астам оқушысы бар мектептер қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылсын.

Жоғары оқу орындары, арнайы орта білім беру нысандары аралас оқыту форматына ауыстырылсын. Барлық дәрістер онлайн, практикалық, зертханалық сабақтар ыңғайластырылған кесте бойынша, семинарлық сабақтар штаттық режимде өтеді. Мектепке дейінгі білім беру ата-аналардың (заңды өкілдерінің) жазбаша келісімімен оқытудың штаттық форматы болуы керек. Қосымша білім беру ұйымдарында жеке сабақтар – штаттық режимде, топтық – 10 адамға дейін, балалар/ересектерге арналған түзету орталықтарында жеке және топтық сабақтар 10 адамға дейін штаттық режимде өткізілуі керек", – делінген Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері орынбасарының 2022 жылғы 14 қаңтардағы №1 қаулысында.

Қаулы Алматы облысының аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы салдарынан эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты шықты.

Сонымен қатар қызметкерлер COVID-19-ға қарсы вакцина және ревакциналау алғанына қарамастан, мемлекеттік органдар, ұйымдар және кәсіпорындар персоналының (тіршілікті қамтамасыз ету нысандарынан басқа) кемінде 70%-ы қашықтықтан жұмыс нысанына көшуі тиіс.

Айта кетейік, Алматы облысында коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. 13 қаңтарда вирус 257 адамнан анықталған.

Айнұр Мұхади
Жұма, 14 Қаңтар, 2022 16:42
Талқылау