Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жантүршігерлік қылмыс жасаған азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Алматы облысында әйел мен оның екі баласын өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Деректерге сай, сотталушы мас күйінде пышақ қолданып, бірге тұратын серіктесі мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта келіп, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген.

“Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелді және оның екі баласын өлтірді, қылмысты жасыру үшін үйін қасақана өртеп жіберді және мүлікті ұрлады деген айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушының кінәсі іс материалдарымен: куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген. Сот сотталушыны өзіне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген хабарламада. 



Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Алматы облысында ер адам әйел мен оның екі баласын өлтіргені туралы хабарлаған едік. Кейін қаскөйді ұстағандар оқиға туралы айтып берді. 

Талқылау