Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 16 жастағы жасөспірімнің қазасы: Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады

Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам жасөспірімді өлтіріп кеткен еді. Сондай-ақ оның әкесі мен ағасы ауыр дене жарақатын алған. Облыстың прокуратурасы аталған істі өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, жеті күдікті қамауға алынды. 

“Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Осы кісі өлтіру бойынша істі прокуратура ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлаймыз. Қылмысты жасады деген күдікпен жеті күдікті қамауға алынды. Сот оларды 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Біз барлық мән-жайды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған объективті тергеуге кепілдік береміз”, – делінген хабарламада. 



Прокуратура қылмысқа қатысы барлардың жауапкершіліктен жалтару әрекетіне жол берілмейтінін жеткізді. Сондай-ақ тергеуге көмектесетін ақпараты бар кез келген адамды прокуратураға немесе ішкі істер органдарына хабарласуға шақырды. 

Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. 

Талқылау