Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әуежайы маңындағы заңсыз жер сату ісіне қатысты сот басталды

Алматы халықаралық әуежайының маңындағы жер телімдерін заңсыз сатқандарға қатысты басты сот процесі басталды. Фемида алдында ауданның экс-шенеуніктері мен риэлтор жауап беруде. Атышулы отырыс бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, тек бүгін ғана өткен еді.

Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Талғар ауданындағы шенділердің басына өткен жылы ұшақ апатынан кейін қара бұлт үйірілген болатын. Осыдан кейін "заңсыз жер телімін беруге қатысы бар" деген 5 шенеунік пен бір риелтор күдікке ілінді. Атап айтқанда, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рустам Тұрысбеков, жер қатынастары бөлімінің экс-басшысы Қайрат Алтынбекұлы, Жер кадастрі ғылыми-өндірістік орталығының экс-басшысы Жарас Мәшімбаев, осы орталықтың басшысы міндетін атқарған Медеу Қалыбеков және осы орталықтың сектор басшысы Берік Абдуллаев пен риелтор Нұрайым Алданыш бар.

Оларға қызмет бабын асыра пайдалану мемлекет мүлкін иемдену сынды бірнеше бап бойынша айып тағылған. Әуежай маңындағы жер телімдерінің заңсыз берілуіне осы тұлғалардың қатысы бар екен.

«Алданыш Нұрайым алаяқтық әрекетке барып, алдын ала топ болып сөз байласу, алдау арқылы Абдуллаевпен бірлесіп өзгенің мүлкін жымқыру мен иемдену арқылы Талғар ауданына 8 миллион 382 мың теңге залал келтірген», - деді мемлекеттік айыптаушы Жарқын Қаптағаев. 

Мемлекеттік қызметкерлер тергеу барысында өз кіналарын толықтай мойындағанымен, айыптау қортындысымен таныстырғаннан кейін барлығы бірдей қылмыс жасағандарын мойындаудан бас тартты. Айып тағылған алты адамның ішінде тек риелтор Нұрайым Алданыш қана қылмыс жасамағанын басынан айтқан еді. Ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Оның қорғаушысы үйқамаққа алу туралы өтініш бергенімен судья қанағаттандырмады.

«Барлық тараптарға бірдей мүмкіндік берілуі тиіс. Барлық сотқа қатысушылардың жағдайы бірдей болу керек. Біз дәлелдер келтірептін боламыз. Мұнда бір адамның құқығы бұзулуда. Бүгін менің қорғауымдағы азаматшаны босатылады деп үміттеніп едім. Оның да өзге қатысушылар сияқты айыптау қортындысымен танысуға мүмкіндігі болатын еді», - сотталушы Нұрайым Алданыштың қорғаушсы Азамат Байкенов. 

Ал адвокат Нұрайым Алданышты үйқамаққа ауыстыруға мүдделі. Талғар адандық әкімдігінің экс-қызметкерлері мемлекетке келтірген шығынның біраз бөлігін өтеп те үлгеріпті.

Айта кетейік, атышулы іс сотқа желтоқсан айында берілген болатын. Алайда риелтор мен оның қорғаушысының іспен танысып үлгермеуіне байланысты істі қарау екі рет кейінге шегерілген болатын.

Естеріңізге сала кетсек Bek Air әуе компаниясының ұшағы 2019 жылы апатқа ұшырап 12 адам қаза тапқан болатын. Ұшақ әуеге көтеріле алмай екі қабатты үйге соғылған еді. Bek Air өкілдері ғимарат әуе кемесіне кедергі болғанын және егер бұл кедергілер болмаса, адам шығыны болмайтын еді деп мәлімдеді.

Талқылау