Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы-2 вокзалында жолаушылар пойыздарды 7 сағат күтуге мәжбүр болған: ҚТЖ жағдайға түсініктеме бере алмады

Әлеуметтік желі қолданушылары Алматы-2 вокзалында пойыздардың кешігуіне байланысты шағымдарын айтуда. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіндегі бұзылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Facebook желісінің қолданушылары Алматы-2 вокзалында тұрғындардың пойыздарды жеті сағатқа дейін күткенін айтып, наразылықтарын білдіріп жатыр. 

“Алматы-2 воказалында қаншама пойыздар кешігуде? Қаншама адам вокзалда өз рейсін күтіп, тоңып отыруға мәжбүр. Жолаушыларға осындай қарым-қатынас көрсетесіздер ме?! Бұл қанша жылға созылуы керек?!

Бұрын ары кетсе екі сағат күтетін едік. Қызметкерлеріңіз отырып алып, рейсті біресе 1 сағатқа, одан екі сағатқа тіпті одан көп уақытқа созып отыра береді. Біреуіні үш сағатқа, тіпті біреуінікі 7 сағатқа кешіктіріледі!!! Бұл қашан тоқтайды өзі?”, – деп жазған желі қолданушылары. 

Жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы пойыздар қозғалысы кестесінің бұзылуына қатысты түсініктеме сұраған еді. Компания баспасөз қызметі соңғы уақытта жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде бұзушылықтар байқалғанын мойындағанымен, жағдайға не себеп болғанын нақты айтпады. 

“Осыған байланысты "Алматы-2 – Орал" қатынасындағы № 51/52 және "Алматы-2 – Петропавл" қатынасындағы  №105/106 Тальго пойыздарының жүру маршруттарына өзгерістер енгізілді. 

2022 жылғы 1 желтоқсанда №51/52 жолаушылар пойызының Ақтөбе станциясына және №105/106 пойызының елордаға дейінгі бағыттары бір рейске қысқартылды.

Жолаушыларды қысқартылған маршруттардан алып кету үшін біржолғы пойыздар тағайындалады:

- Ақтөбеден Оралға дейін және кері - № 505/506.

- Астанадан Петропавлға дейін - № 507.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 желтоқсанда Алматы-2 станциясынан, Петропавлдан айналым бойынша 2022 жылғы 2 желтоқсанда Тальго вагондарынан құрылған №105/106 пойыз бір рейске тоқтатылады. Оның орнына стандартты вагондардан № 509/510 пойыз тағайындалады”, – делінген компания таратқан хабарламада. 

Сондай-ақ, компания баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сапарға шықпаған жолаушыларға билет құнын толық қайтарылады.

“Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жолаушылардың жол жүрмеген қашықтық үшін жол жүру құны қайтарылады. Жолаушылар пойыздары қозғалыс кестесінің өзгерісі туралы ақпаратты "1433" бірыңғай телефон анықтамалық қызметі арқылы ала алады”, – дейді ҚТЖ баспасөз қызметі. 

Талқылау