Алма теруге барған: Түркістан облысында 21 жастағы жігіт тоққа түсіп көз жұмды
Түркістан облысында алма теріп жүрген 21 жастағы жігіт тоққа түсіп көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Төле би ауданындағы Жоғарғы Қасқасу ауылында болған. Жас жігіт бау-бақшада алма теріп жүріп, тартылған жоғары кернеулі электр желісінен тоқ соққан.
Керімжан Сегізбаевтың 21 жастағы ұлы абайсызда ажал құшты. 12-қазан күні алыс-жақынды жиып, үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс әке ойламаған жерден екінші баласының жаназасын шығарды. Баласы бау-бақша үстінен жүргізілген жоғары кернеулі тоққа түсіп қалған.
Марқұмның әкесі бақшаның үстінен жүргізілген тоқты алып тастауын сұрап, бұл мәселені бірнеше мәрте көтергенін айтты. Алайда бұл ешқандай нәтиже бермеген.
“Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айрылып отырмын бүгін, өздеріңіз куәсіздер. Енді білмейм бұдан кейін не істеуге болатынын. Ананы лажы болса құртыңыздар, құотпайсыздар ма мен аралап тастаймын”, – дейді марқұмның әкесі Керімжан Сегізбаев.
Марқұм Азамат Тоғызалы қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген жас жігіт келер көктемде үйленем деп жүрген екен. Белгілі болғанындай, Азамат ауылдасымен бірге дүйсенбі күні алма термекші болған.
- Қазақстанда қайта вакциналау қараша айының соңында басталады: Цой кімдерге қандай екпе салынатынын түсіндіріп берді
- "Ешкім сенбеген соң диктофонға жазып алған": Оралда өгей әкесі кәмелетке толмаған қызды төрт жыл бойы зорлап келген
Куәгерлер темір саты жоғары кернеулі желіге тиіп кеткенін айтады. Ауыл тұрғыны Жұмағали Есмұрзаевтың ұлы сатының бір жағын ұстап келе жатқан. Ол құдай сақтап аман қалған.
“Төрт-ақ метр мынау, төмен. Төмен жерде орналасқан. 10 мың вольт тоқ жүріп тұр мынаның бойымен. Не болсада өртеп жібереді. Менің баламда шокта болды. Оны да ұшырып жіберген ғой ұрғанда, тағы да жерге сатының түбі тиіп, ол бала аман қалды. Тоқ жерге қарай заземление кеткен да. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік”, – дейді Жұмағали Есмұрзаев.
Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жандалбасалап үш сағаттай уақыт жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмады дейді. Шуылдасқан халық 1964 жылы орнатылған бағаналардың көбі тал-теректің ортасында қалып қойғанын айтады. Талай ағашты түбімен отап та тастаған. Жел тұрып, жауын жауса құдды найзағай ойнағандай тоқ жарқылдап тұратынын үрейлене жеткізді.
Небәрі жүз түтіні бар ауыл тұрғындары жоғары кернеулі желілерді көше бойымен жүргізуді талап етіп отыр. Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармайды. Бірақ тұрғындардың өзінен де кінә бар дейді.
“Бұл бағандар негізінде олардың қорасына дейін салынған. Қора уже кейін салынған. Үйлері де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп, легализациямен алып документтерін туралап алған былайша айтқанда. Барлығы болмасада бірәзі кінәлі”, – дейді Қасқасу ауылдық округінің әкімінің орынбасары Мейіржан Дүйсебаев.
Десе де, келер жылы қора жайларға кіріп тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар екенін айтты. Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді.