"Әлі соңымыздан келе жатыр": Асылхан Төлеповтің келіншегі күйеуінің артынан қалмай қойған қыздар туралы айтты
Асылхан Төлеповтің келіншегі күйеуінің артынан қалмаған табынушы қыздар туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Танымал актердің келіншегі үйленгеннен кейінгі уақыттары күйеуінің соңынан қалмай жүрген қыздар туралы айтып берді. Сол шақтарды есіне алған ол, қызықты оқиғалардың бірімен бөліскен. Суретке түсу үшін жұлдызды жұпты аңдып, артынан еріп алған қыздардың қылығына әбден күлген екен ол.
"Бірде біз үйленгеннен кейін Панфилов көшесінің бойымен кешқұрым серуендеуге шықтық. Асықпай әңгімелесіп, кешкі қаланың сұлу келбетіне тамсанып келеміз. Асекем "Артымызда бір үш қыз бағанадан бері келе жатыр" деді. Қыдырып жүрген адам көп қой, олар да арбатқа қарай бет алған болар деп ойладым. Арбатқа тақала бергенде әлгі үш қыз әлі соңымыздан келе жатқанын көрдім", - дейді Асылхан Төлеповтің келіншегі.
Бастапқыда қыздардың аңдып келе жатқанына сенбеген актердің әйелі, кейіннен көзі жеткенін айтады. Қыздар Асылхан Төлеповпен суретке түскісі келіп, келіншегінен ұялып жүрген көрінеді. Осылайша өнер иесінің жары суретке түскілеріңіз келсе, ұялмай келіп, айт беріңіздер деп ашық айтты.
"Қызық болсын деп, екеуіміз Абылай хан көшесіне бұрылып, жоғары қарай беттедік. Бізден басқа ешкімнің бойы көрінбеген көше. Үш қыз да бұрылыпты. Асеке шыдамай "Суретке түсесіңдер ме?" деп еді, үшеуі қуанып келіп "Иә, бағанадан бері әйеліңізден ұялып келеміз" деп ағынан жарылды. Менен ұялмаңыздар керек десеңіздер, фотограф бола салам, суретке түсіріп беремін. Тек танып тұрып, ұялып өтіп кетпеңіздер", - дейді Айсұлу Нарымбекқызы.