Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлі демалу мәдениетін дамытпағанымыз өкінішті": Блогер Каспий жағасында қоқыстың үйіліп қалғанын видеоға түсірді

Ақтаулық белгілі блогер Азамат Сәрсенбаев қазақстандықтардың өміріндегі түйткілді мәселелерді үнемі айтып отырады. Ол бұл жолы демалушылардың теңіз жағасын қоқысқа толтырып тастағанына наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

"Маңғыстауда демалу мәдениетін әлі дамытпағанымыз өкінішті. Үйіліп тұрған қоқыстың маңында жайбарақат тамақтанып, демалатындардың барына таңғаламын", – деп ағынан жарылды қоғам белсендісі.

Желі қолданушылары Азамат Сәрсенбаевтан қалыс қалмай, әсем табиғатқа зиян келтіргендерге қатысты пікір жазды.

"Өздері қаладағы инженерлік желілер жұмыс істемей жатыр деп шағымданады! Ең әуелі, тазалақты өзінен бастасын!", "Қазіргі ұрпаққа үміт артудың керегі жоқ. Әлі тазалықты неліктен сақтау керек екенін түсінбейді. Көп ересек үшін жеген затын қоқыс жәшігіне апару ұят болып саналады", "Бір күн бұрын Rixos Water World Aktau артындағы жағажайда көрші елден келген құрылысшылар суға шомылып, қоқыс тастап жатқан", "Санасы жоқ адамдар шаршатты-ау, оның артын сол баяғы еріктілер жинайды", – деп оқырмандар наразы болды.

Енді бірі жағадағы қоқысты жинауға барша маңғыстаулықтарды шақырды.

"Осы апта сенбілік ұйымдастырып, барып жинап тастайық. Сенде оқырман көп. Мен де борт газелі бар. Бәріне хабарландыру жаса. Әкімдік те мүмкін камаз беріп қалар. Отырып алып, жамандай бергеннен ешнәрсе шықпайды. Іспен дәлелдейік", – деп жазды Жолдас есімді желі қолданушысы.


Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде тарихи тұлғалар жерленген ескі қорымның іші күл-қоқысқа толғанын жаздық. Ғалымдар қоғам қайраткерлері мен ақын-жыраулар жатқан жерді қоршап, ерекше қорғауға алу керек деп дабыл қақты. Қаланың ортасындағы қорымда қоқыс тау болып үйілген. Тіпті кәуап пісіріп, ішімдік ішетін жерге айналдырған. Ескі моланың қараусыз жатқаны қала тұрғындарының наразылығын туғызды. Бұл жерде жырау Нұрпейіс Байғанин, дәрігер Халида Маманова, қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев жерленген. Соғыс жылдарында көз жұмған сарбаздардың да сүйегі көмілген. Ғалымдар қоқыс басқан қорымды мемлекет ерекше қорғауға алу керек деп отыр. Зерттеу жүргізіп, тағы қандай тарихи тұлғалардың жатқанын анықтау қажет дейді.

Талқылау