Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алғашқы кездесуде ол мені сүйіп алды": Бишімбаев сот залында Салтанат Нүкеновамен таныстығы туралы айтты

Жұбайын өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Бишімбаев сотта алғаш рет сөз сөйлеп, онда Салтанат Нүкеновамен таныстығын айтып берді. Айтуынша, Салтанат ол кезде жігітімен айырылысып, көңіл-күйі болмай жүрген. Ал онымен кездескен күні Бишімбаевты сүйіп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото сот процесінен

Бишімбаев әріптесінің астрология туралы айтқан әңгімесіне қызығып жүріп, Салтанатты Instagram желісінен көргенін айтты.

“Басында көзіме астролог болса, 50-60 жастағы шаманға ұқсас әжелер қабылдайтын шығар деп елестеттім. Алайда әріптесім Instagram-нан маған “Астанадағы ең мықты астролог” деп сүйкімді қызды көрсетті. Парақшасын ақтарып отырып, оның жігіті барын білдім. Кейін әріптесім оның сөз байласқан адамы бар екенін, олардың жарты жылдай жүргендерін, енді үйленетіндерін айтты. Мен оларға қарап, “адамдар бір-бірін тауып қосылғаны қандай керемет”  деген сезімде болдым. Осылайша менің қызығушылығым тек сырттай болды. Оның жазбаларын қарап жүрдім. Бір рет оның қабылдауына жазылғым келген. Алайда оның ер адамдарды қабылдамайтынын білдім.  Алайда бір жағынан сүйіктісі бар қыздың бұл қасиетіне риза болдым”, – деді күдікті. 

Алайда тамыз айының соңында Бишімбаевқа әріптесі олардың айрылысып кеткендерін, ешқандай тойдың болмайтынын айтқан екен.

“Мен бұл хабардан соң танысуға мүмкіндігім бар екенін түсіндім. Осылайша адамдармен тез араласып кететін құрбымнан оның қабылдауына жазылып, кейін мен туралы айтып, қабылдауын өтінуін сұрадым. Онымен танысып көрісіп, екінші жағынан астрология туралы білгім келді. Танысым Камилла Салтанатқа барған кезде екеуі жақсы тілтабысып кеткен секілді. Маған құрбым Мәскеуде ұлымды жарысқа апарып жүргенде хабарласты. Осылайша Камилла телефон арқылы бізді сөйлестірді. Сол жерде Салтанат мені қабылдайтынын айтты. Алайда Қазақстанға келгесін біршама уақыттай қабылдағысы келмеді. Кейін мен “шындығында астрологиядан хабарым жоқ, болжамдар да қызықтырмайды. Сіз маған ұнап қалдыңыз. Жай ғана кешкі асқа шақырсам, ары қарай қалай боларын көрерміз”, деп жаздым. Ол бірнеше күндей жауап бермеді. Үшінші күні келісетінін айтты”, – деп қосты ол. 



Күдікті Бишімбаевтың сөзінше алғашқы кездесу күні мейрамханада Салтанатпен бес сағат сырласып әңгіме айтқан. Тіпті бұрынғы жігітімен қатынасы үзілгеннен Салтанаттың көңіл-күйі болмағанын да байқапты.

“Көбіне ол өзінің жағдайын айтты. Оның сүйіктісімен айрылысқаннан кейін көңіл-күйі түскені көрініп тұрды. Ұзақ уақыт сөйлесіп, әзілдесіп болған соң мен оны үйіне шығарып салдым. Сағат екі үштер шамасында кеш болды. Жанымызда жүргізуші болды. Жолда алкогольдің әсері ме, әлде шынымен мені ұнатып қалды ма білмедім, бір қарасам, ол маған тіптен жақын келіп, мені сүйіп алды. Енді танысқандықтан мұндайды мүлде күтпедім. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз. Ол маған сезімі бар екенін көрсеткендей болды. Сол себепті үйіне кірерде келесі кездесуімізді жоспарладық”, – деді Бишімбаев. 

Еске салсақ, Бишімбаев алғаш рет сотта сөз сөйлеп, қылмысты қасақана жасамағанын мәлімдеген кезінде марқұмның анасының жүйкесі сыр берді.

Талқылау