Әлемдегі беделі жоғары елдер анықталды: Қазақстан қалай бағаланды

Қазақстан ТМД елдері арасында жаһандық бедел индексі бойынша көшбасшылар қатарына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір халықаралық аренадағы елдің беделі стратегиялық маңызды көрсеткіштердің біріне айналды. Себебі мемлекеттің халықаралық имиджі инвестиция тартуға, туризмді дамытуға, саудаға, еңбек нарығына және дипломатиялық қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет үшін беделдің маңызы компания үшін репутацияның маңызымен бірдей. Егер компанияның беделі төмен болса, оның акциялары қымбат болмайды. Сәйкесінше даму мен табысқа жету де қиынға соғады. Дәл осындай жағдай мемлекеттерге де тән. Халықаралық беделдің жоғары болуы елдің инвестициялық, экономикалық және саяси тартымдылығын арттырады.
Осыған байланысты “CEOWORLD” онлайн-сервисінің дерегіне сәйкес, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалы жоғары бағаланған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Ал ТМД кеңістігінде Ресейден кейінгі орында.
Зерттеуді кім және қалай жүргізді?
Жаһандық бедел индексін “CEOWORLD” онлайн-сервисінің сарапшылары жасаған. Олар есептеу барысында негізінен “CEO Policy Institute” ұйымының және БҰҰ аясында жұмыс істейтін мамандандырылған агенттіктердің деректеріне сүйенген.
Бағалау 10 негізгі санат пен 50 қосымша индикатор бойынша жүргізілген. Атап айтқанда:
- мемлекеттің экономикалық ықпалы;
- мемлекеттік басқару жүйесі;
- ішкі және сыртқы саясат;
- инвестициялық тартымдылық;
- тұрақты даму;
- әлеуметтік саясат;
- мәдени мұра;
- қауіпсіздік;
- қоғамдық көңіл-күй ескерілген.
Нәтижесінде барлық көрсеткіш 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағаланған. Мұнда 100 – ең жоғары көрсеткіш. Рейтингке әлемнің 197 елі кірген.
Қазақстан мен ТМД елдерінің көрсеткіші
ТМД елдері арасында ең жоғары жаһандық бедел индексі Ресейде тіркелген. Ол 67,57 балл жинап, жалпы рейтингте 66-орынға жайғасқан.
Ал Қазақстан 66,62 баллмен ТМД бойынша екінші орын алды. Жалпы әлемдік рейтингте еліміз 69-орынға тұрақтаған.
Айта кетейік, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Сауд Арабиясы, Мексика, Малайзия, Қытай, Грузия және Бразилияны басып озған.
ТМД елдері арасында Беларусь 59,27 баллмен 89-орында, Армения 57,14 баллмен 93-орында, Әзербайжан 54,15 баллмен 101-орында тұр.
Ал Өзбекстан 37,7 баллмен 134-орынға, Қырғызстан 34,87 баллмен 145-орынға, Тәжікстан 27,92 баллмен 160-орынға жайғасқан.
Әлемдегі көшбасшылар мен аутсайдерлер
Зерттеу авторларының мәліметінше, әлемдегі ең жоғары халықаралық беделге Сингапур ие. Елдің индексі 97,83 балл болған. Сингапур жоғары нәтижеге ең алдымен тұрақты саяси және экономикалық жүйесі, бейтарап сыртқы саясатының арқасында қол жеткізген.
Әлемдегі беделі ең жоғары он елдің қатарына:
- Швейцария;
- Ирландия;
- Нидерланд;
- Германия;
- Норвегия;
- Дания;
- Люксембург;
- Швеция;
- Лихтенштейн кірген.
Ал халықаралық аренадағы беделі ең төмен елдер ретінде:
- Солтүстік Корея;
- Палестина;
- Сирия;
- Кот-д’Ивуар;
- Оңтүстік Судан аталған.
Айта кетейік, бұған дейін Ел тұрғындары президентке 86,7% сенетін болып шыққаны туралы жазған едік. Ол Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталды
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды