Отбасы құрсаң табысың азая ма: Қазақстанда бала тәрбиелеу жанұяның табысына қалай әсер ететіні айтылды

Қазақстанда көпбалалы отбасылардың табысы мен тұтыну шығындары өзге санаттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі energyprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы мәліметінше, жан басына шаққандағы айлық тұтыну шығыны 200 мың теңгеден асатын үй шаруашылықтары 9,08%-ды болған. Бұл санатта ел халқының 4,31%-ы өмір сүрген. Алайда бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш қана.
Ал жалғыз тұратын азаматтар арасында мұндай көрсеткіш әлдеқайда жоғары, яғни 33,07%. Керісінше, 5 және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасында бұл көрсеткіш небәрі 0,46% болған. Демек, жалғыз тұратындардың әр үшіншісі өзіне айына 200 мың теңгеден артық жұмсайды деген сөз. Ал бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасында мұндай мүмкіндікке ие адамдар жоқтың қасы.
Сонымен қатар 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларды қарастырсақ. Олардың ішінде жан басына шаққандағы айлық тұтыну шығыны 200 мың теңгеден асатындар бар болғаны 2,15% болған.
Бір баласы бар отбасылардың өзінде адам басына айына 200 мың теңгеден артық жұмсайтындардың үлесі небәрі 3,94% . Ал төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар арасында бұл көрсеткіш 0,11%-ға дейін төмендеген.
Сараптамаға сүйенсек, бала саны артқан сайын отбасының күнделікті қажеттіліктерге жұмсайтын қаражаты азая түседі. Тұтыну шығындарына күнделікті өмірге қажет азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық төлемдер және басқа да тұрмыстық шығындар кіреді.
Жағдайды тереңірек түсіну үшін тағы бірнеше дерекке тоқталайық. Статистикаға сәйкес, 2025 жылы қазақстандық үй шаруашылықтарының 11,15%-ында жан басына шаққандағы айлық шығын 50 мың теңгеден аспаған. Ал балалы отбасылар арасында бұл көрсеткіш 20,49%-ға жеткен.
Жалғыз тұратын қазақстандықтардың ішінде өзіне айына 50 мың теңгеден аз жұмсайтындар үлесі 0,31% ғана. Ал кем дегенде бір баласы бар отбасылар арасында бұл көрсеткіш 9,89%-ға жеткен.
Зерттеу нәтижесі бойынша, төрт және одан көп бала өсіріп отырған отбасылардың жағдайы ерекше қиын. Мұндай жанұялардың 46%-ында жан басына шаққандағы айлық шығын 50 мың теңгеден төмен. Оның ішінде 10,9% отбасы бір адамға айына 35 мың теңгеден де аз қаражат жұмсайды. Ал жалғыз тұратын адамдар арасында мұндай жағдай өте сирек кездеседі, яғни 0,02% ғана.
Енді табыс көрсеткіштеріне тоқталсақ. 2025 жылы жан басына шаққандағы айлық табысы 200 мың теңгеден асатын қазақстандық үй шаруашылықтарының үлесі 18,97% болған. Бұл санатта ел халқының 11,78%-ы өмір сүреді.
Жалғыз тұратын, отбасы мен баласы жоқ азаматтар арасында мұндай үй шаруашылықтарының үлесі 39,11%. Демек әр бес адамның екеуіне жуық. Ал бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасында бұл көрсеткіш небәрі 2,21% болған.
16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларда жан басына шаққандағы табысы 200 мың теңгеден асатындар үлесі тек 6,5% болған. Бір баласы бар отбасылардың өзінде бұл көрсеткіш 11,09% ғана. Ал төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар арасында мұндай табысқа ие жанұялар іс жүзінде кездеспейді, яғни небәрі 0,15%.
2025 жылы қазақстандық отбасылардың жалпы санының 4,81%-ында жан басына шаққандағы табыс 50 мың теңгеден төмен болған. Ал балалы отбасылар арасында бұл көрсеткіш 9,47%-ға жеткен. Төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардың шамамен әр төртіншісінде (23,04%) табыс осы деңгейден де төмен болған.
Соңғы көрсеткішке сәйкес, 2025 жылы көпбалалы қазақстандық отбасылардың 5,39%-ында жан басына шаққандағы табыс айына 35 мың теңгеден де аз болған. Ал отбасы мен баласы жоқ қазақстандықтар арасында мұндайлардың үлесі небәрі 0,21% болған.
Жалпы, бұл деректер Қазақстанда отбасы құру, бала тәрбиелеу, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейінің айтарлықтай төмендегенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды