Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Актриса Дариға Бадықова: Әкем жазда өлетінін айтты

Қазақстандық актриса Дариға Бадықова әкесін еске алып, жылы естелігін жазды. Марқұм әкесі көзінің тірісінде о дүниеге қашан аттанарын біліпті. Актриса әкесінің өсиеті мен өтішінін орындаған. 

"Екі-үш күн болды папам есіме түсіп жүр. Айтқан сөздері ойыма орала береді... Мамам екеуі қалжыңдасып отырғанда айтатын: “Әй, осыдан көр де тұр, мен өлгенде артымнан адам көп келеді. Жаназама жиналған адамнан-ақ байқайсың менің қандай адам екенімді” дейтін. Айтқанындай-ақ, ауыл-ауылдан жиналған жұртты сыйдыра алмадық.

Маған айтып отыратын папам: “Дариға, мен жазда өлем. Сендерге салмақ салмаймын. Қыстыгүні өлсем, мына үйге адамдарды сыйдыра алмай әбігерге қаласыңдар. Құдаларды қайда отырғызасыңдар!? Келімді-кетімді адам бар” - дейтін. Біздің үй бөлмелері кішкентай-кішкентай баяғы немістің үйі ғой. Соған уайымдағаны сыймайды деп. Өзі айтқандай, жаздыгүні шіліңгір шілдеде кетті.

“Мен өлген кезде адам көп жиналады. Дариға, жылқы сой. Сиыр деген дым болмайды. Не болады ол?! Сосын ертең ооой, тегі, сонша мақтап жүрген қызы осы ма деп айтады ел” - дейтін маған. Мен елегім келмейді әңгімесін. “Түуу, папа, қай-қайдағы жаман нәрселерді айтпай отыршы” - деймін. Артын қалжыңға айналдырады... Айтқанын істеп, жылқы сойдық", - деп жазды актриса парақшасында.

Айтуынша, әкесі өзі айтқандай жаздыгүні бақиға аттанған. Балалары тілегін орындап, басына тас қойған. Адам көп жиналып, жылқы сойылған екен. 

"Әкем өлгенде осы айтқан сөздерінің бәрі құлағыма кеп, көз алдымнан пленка сияқты өтті. “Менің басыма мынадай ғып алтын күмбез қоймай-ақ қойыңдар. Әйтеуір ырымын етіп қоршап, басыма тас қойсаңдар болды ғой” деген әңгімесін қатты ойладым. Қайтыс болғаннан соң, үш күн бойы ұйықтай алмай, мал басып кете ме деп уайымдап... Үш күннен соң өзі айтқандай ғып қоршап, басына тас орнаттық.

Қазір ойлап отырсам, бұл да бір тәрбие екен ғой. Қалжыңдап отырып, ақырын отырып айтса да, мидан шықпайтындай етіп айтқан екен. Ойда қалады екен... “Бір әке берген тәрбиені 100 мектеп бере алмайды” деген нақыл да бекер қалмаған-ау. Қалай ойлайсыз?", - деп жазды Бадықова. 

"Әкеңнің жатқан жері жайлы болсын. Қашан қайтыс болған. Өте мықты актрисасын. Әсіресе Қоянбаевтың киносында түскен рөлдерің. Ал келінжандағы рөлге сөз жоқ. Өмір жасық ұзақ болсын. Алға қойған мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін", "Әкеңіздің жатқан жері жарық болсын", "Әр бала үшін әкенің есімі -шың,
Кеш те болса түсіндім осыны шын!", "Жақсы сөз айту керек. Не айтсақ сол орындалады. Сол нәрсеге көзім жеткен, басымнан өткен, өмірде көрдім", - деп жазды желі қолданушылары. 

Талқылау