Ақтөбеде үш баланың анасын бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтірген
Ақтөбе облысының Сарқұл ауылында үш баланың анасын бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтірген. Оқиға болған кезде балалар көрші бөлмеде ұйықтап жатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
1 ақпанда болған қайғылы жағдай туралы “НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді.
Ерлі-зайыпты 2022 жылы ажырасқан. Ер адам басқа біреумен көңіл жарастырып, балаларымен қарым-қатынасын үзбеген. Сондай-ақ алимент төлемеген. Алайда екі жылдан кейін ол отбасына қайта оралып, әйелі оны қабылдапты.
Сол түні балалар көрші бөлмеде ұйықтап жатқан. Айбану асүйде күйеуіне шай қойып, артына бұрыла бергенде ер адам экс-әйеліне шабуылдап, тұншықтырып өлтірген.
"Әйелдің туыстарының айтуынша, ер адам Ақтөбеден таксимен келген. Ал такси жүргізушісіне ауылдың шетінде күтіп тұруын айтқан. Бұл – мұқият жоспарланған, салқынқандылықпен жасалған кісі өлтіру. Оның мотиві – бөліскісі келмеген жылжымайтын мүлік мәселесі. Айбану қалада емес, ауылда тұрды. Материалдық тұрғыдан қиындықтары болған. Пәтер бұрынғы күйеуімен ортақ екен", – деді Таңсәрі.
Полиция оқиғаны растады. Қазіргі таңда іс сотқа жіберілген, күдікті қамауда.
"Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деп жауап берді Ақтөбе облысының ІІД.
Айта кетейік, бұған дейін Оралда бастауыш сынып мұғалімі Надежда Никитинаны өз пәтерінде өлтіріп кеткені туралы жазған едік. Мұғалімнің мәйіті 25 сәуірде табылған.