Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде төрт баласы бар есепші ұрланған ақшаға пәтер сатып алған

Ақтөбелік есепші ұрланған ақшаға пәтер сатып алған. Соттың шешімімен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Пәтері мен тоңазытқышын тәркіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Диапазонға" сілтеме жасап. 

2015 жылы Алға тұрғыны Светлана Н. "Алға тазалық" коммуналдық кәсіпорнында бас есепші болып жұмыс істеді. 2016 жылы ол кәсіпорын ақшасын меншіктеп алғаны үшін екі рет істі болды.  Сот шешімінде айтылғандай, ол "Алға Тазалықта" жұмыс істемейтін екі жергілікті тұрғынға зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды мемлекеттің есебінен аударып отырған.  Екі қылмыстық іс бойынша оған қылмыстық мерзім тағайындалды.

Қаржылық қылмыстар үшін екі рет сотталса да, 2018 жылы Светлана "Неохим" ЖШС-ға бас есепші болып жұмысқа тұрған. Ол декретке шыққаннан кейін, кәсіпорында аудит жүргізіліп, 64 млн теңгеден аса қаржының жетпейтіні анықталды.

Тергеу барысында бас есепшінің компания есебінен туыстарының, оның ішінде анасы мен әпкесінің шотына ақша аударып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, әйел меншіктеп алған ақшасына Алғадан пәтер сатып алып, оны енесінің атына жазып қойған.



Бас есепшінің астыртын әрекеттері әшкере болғаннан кейін, ол соттың алдында жауап берді. Сотталушы келтірілген шығын соммасымен келіспеді. Өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Әйелдің төрт баласы бар болып шықты. Алайда көп балалы ана статусы оны құтқармады. Сот әйелді кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ұрланған ақшаға сатып алынған пәтер мен тоңазытқышты тәркіледі. Одан бөлек, әйел серіктестікке 64 миллион теңге көлемінде төлеуге міндеттелді. Сот шешімі жария етілгеннен кейін сотталушы бірден қамауға алынды.  

Талқылау