Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйленемін деп ата-анасымен таныстырған: Отбасылы азамат алматылық аруды үйіндегілерімен қоса 10 миллион теңгеге алдап кеткен

28 жастағы алматылық ару алаяқтың құрбаны болғанын айтады. Ер азаматтың “сүйемін, күйемін” деген сөзіне сеніп қалған ол өз атынан, онымен қоймай ата-анасының атынан алаяққа несие алып берген. Алайда қомақты соманы қолды қылған ер адам ұшты-күйлі жоғалып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Зардап шеккен алматылық ару ер азаматпен жұмыс орнында танысқанын айтады. Екі апта кездескен соң жұп үйлену туралы ойлана бастаған. 

“Сыйлықтарын үйіп-төгіп, менің ата-анаммен жақын танысуға ниет білдірді. Мені де өз әке-шешесімен таныстырып, той жөнінде ақылдаса бастадық. Осылайша сеніміме әбден кіріп алған кейін ол ақшадан қиналып жүргенін айта бастады. “Қорғас” бекетінде“ шығайын деп тұрған” тауарым өтпей тұр, оны өткізу үшін дереу қаражат керек деді. Сөйтіп менен несие алып беруімді өтінді. Бір-біріміздің ата-анамызбен танысып, оған әбден сенгендіктен бірнеше несие алып бердім. Бірінші алғызған қарызымды үш күнде жауып тастады. Алайда одан кейін тағы да “осы жолы 18 миллион теңге түсуі керек” деп “Қорғасты” сылтауратып, маған әртүрлі банктерден бірнеше несие алғызды”, – дейді есімін жарияламауды өтінген ару. 

Мұнымен қоймай алаяқ азамат жәбірленушінің туыстарын да қарызға батырып кеткен. 

“Ата-анаммен, ініммен араласып жүрді. Алайда оның арам пиғылы бар екенін ешкім білмеді. Інімді өзімен бірге үйіне алып барып, табыс табамыз деп оның атынан 1,2 миллион теңге несие алғызған. Ата-анамды да алдап, 600 мың теңге несие алғызып, олардың қолындағы 1,4 миллион теңге қарызға алып кеткен. Екі аптаның ішінде қайтарамын деп уәде етті. Арасында саған көлік әперемін деп мені де алдап соқты. Алайда сол екі аптадан кейін ұшты-күйлі жоғалып кетті. Телефонын өшіріп тастады. Ата-анасы болса, оның қайда екенін білмейтінін жеткізді. Алаяққа алданып қалғанымды сонда ғана білдім”, – дейді Алматы тұрғыны. 

Кейіннен анықталғандай алаяқ азамат отбасылы болып шыққан. Қазіргі таңда зардап шеккен аруға ер адамның әйелі қысым көрсетіп жүрген көрінеді.



Жәбірленушінің адвокаты Альбина Бахтиярқызы күдікті отбасынан 10 миллионға жуық теңге алып, қарызға батырғанын айтады. Сонымен қатар, бұл азаматтың бірінші ісі емес екені белгілі болған. Бұдан бұрын ер адам жақын достарын да алдап, 2-3 миллион теңгеден несие алғызған екен. 

“Мұндай істердің көбі қылмыстық іс болып тергелмей, қаралмай қалады. Нәтижесінде алданған адам қаражатын өзіне қайтара алмайды, ал тиісті тұлға жазасыз қалады. Сондықтан басқаларға “абай болыңыздар” деп айтқым келеді. Біреуге қарыз беру үшін ешқашан өз атыңызға несие алмаңыздар “, – дейді Альбина Бахтиярқызы. 

Осы жағдайға байланысты Алматы тұрғыны полицияға шағым түсірген. 

“5 сәуір күні Жетісу аудандық полиция бөліміне 28 жастағы К. есімді азаматша Н. есімді танысының үстінен арыз жазды. Аталған факт Жетісу ауданы полиция бөліміне ҚР ҚК 190 бабы 3 бөлімі 1 тармағы “Алаяқтық” бойынша қылмыстық іс ретінде тіркелді. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – дейді ПД өкілдері. 

Талқылау