Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мүгедек қызды екі жыл бойы зорлады деп айыпталған ер адам жазаланған жоқ

Ақтөбеде туысқаны екі жыл бойы зорлап келген мүгедек қыздың анасы әділдік іздеп шарқ ұрды. Ол қылмыскерді қатаң жазалауды сұрап отыр.

Ақтөбеде мүгедек қызды екі жыл бойы зорлады деп айыпталған ер адам жазаланған жоқ

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін сотқа жолданған іс прокурорларға кері қайтарылған. Өйткені судья зорлау оқиғасы болған күнді нақтылауды талап етіп отыр екен. Ал жәбірленген бойжеткеннің қорғаушысы мен анасы, өзі әрең сөйлейтін, мүгедек, дімкәс қыздан оны анықтау қиындық келтіретінін айтты.  

"Бәрі үйде қорлықты көрсеткен, көзіміздің алдында. Еще дело оставляет на рассмотрение, расмотрение деп. Шайтан ғой, шайтан. Анда-мында жүгіріп неше түрлісін істеген", - деді анасы.

28 жастағы қызын немере ағасы екі жыл бойы зорлап келгенін дәлелдей алмай жүргеніне қынжылғанын айтқан анасы көз жасына ерік берді. Сұмдық жайтты ДЦП дертіне шалдыққан бойжеткен әке-шешесіне ыммен түсіндіріп берген. Қажет болса, қалай қорланғанын сот залына да келіп көрсетіп береді деді ашынған ана.

«Менің қызым қалай оны айтады? Оны айта алмайды. Тек бәрін көрсетеді, әрекетін, не істегенін. Қызым мүгедек, қалай оны құлағы естімейді, оны айта алмайды ғой. Оны тек көрсетеді. Не істегенін. Маған да, сотқа да көрсетеді керек болса. Мен ойлаймын, дұрыс шешім шешеді деп сот. Жазасын берсін қызымды қорлағанына», - деді анасы.

Екінші топтағы мүгедек қызды зорлады деп күдіктелген ер адамға қатысты сотқа жолданған іс прокуратураға қайтарылды. Тергеушілерге жәбірленушіге нақты қай күні зорлық жасағанын анықтауды талап етіп отыр. Алайда, қорғаушы ересек адамның өзі қай күні қай оқиғаның болғанын ұмытып жатқанда, мүгедек адамнан оны анықтау қиын екенін айтып отыр.

"Тергеу органы істі қалалық сотқа жіберген. Бірақ, бірінші инстанцияда судья оқиға болған күн көрсетілмегенін ескертіп, істі прокуратураға қайтарды. Сот қаулысымен келіспеген прокуратура істі апелляцияға жолдады. Біз де мұны құптағанбыз. Бірақ, сот пікірі бірінші қаулымен қалды. Оқиға болған күнді нақтылауды сұрайды. Бірақ, сал ауруына шалдыққан адамнан оны анықтау мүмкін емес. Ол өзіне түртіп алып жүрмейді ғой", - деді адвокат Бауыржан Иманов. 

55 жастағы еркек туысының қыздың анасының сеніміне әбден кіргені сондай, ешкім жоқ кезде бойжеткенге бас-көз болып, массаж жасап жүріп, қорлап келген. Мүгедек қыз сөйлей алмаса да, сурдоаудармашының көмегімен қай бөлмеде, қалай зорлағанын егжей-тегжей көрсетіпті. Қазір ол қамауда. Ер адамның үстінен қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша іс қозғалған. Қыздың ата-анасы құзырлы органдар істің мән-жайын дұрыс тергеп, айуан ағайынына әділ жазасын беруді талап етіп отыр.

Талқылау